Бразилиядағы байрақты бәсеке мәресіне жетті. Төрткіл әлем көз тіккен Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанатының өткені кеше ғана. Дегенмен, елді қызықтырып отырғаны жабылу кешінің қалай өткендігі емес. Кім қанша медаль алды, қай орынға табан тіреді? Елді ерекше қызықтырып отырғаны — осы сауал. 

Аталмыш сауал туындағанда Қазақстанның қоржынына үңілеріміз анық. Қуаныштысы, үңілген қоржынымыз кісі түңілерлік емес. Бразилияда өткен төртжылдықтың айтулы додасында Қазақ­стан құрамасы бақандай 17 медаль алды. «Бақан­дай» деп әсірелейтініміздей бар. Өйткені, бұл Олим­пиада біткелі өзіміз жиі айтып, өзімізді жұба­тып жүрген рекордтық көрсеткіш. Алдыңғы Олим­пиа­да ойындарына көз салсақ, спортшыларымыз ең көп дегенде 13 медаль еншілегенін көреміз. Мәсе­лен, Бейжің мен соңғы Лондон Олимпиадасында.
Осы арада Олимпиаданың жалпы қорытындысы жайлы бірер сөз қозғай кетсек артық болмас. Бір анығы, оның жеңімпазы өзгермеген. Яғни, алдыңғы Лондон Олимпиадасында бас-аяғы 104 медальмен командалық есепте бірінші орынға шыққан Америка Құрама Штаттарының спортшылары кешегі Рио додасында да 121 медальмен көш бастады. Бір қызығы, алпауыт елдің өкілдері екі ойында да 46 алтын алқа иеленген. Осылайша, АҚШ өзінің текке державаға теңелмейтінін дәлелдеді. Рио ойындарында екінші орында 67 медальмен Ұлыбритания, ал, үшінші орынға 70 медальмен Қытай табан тіреді (Лондон Олимпиадасында бұл көрсеткіш керісінше болған-ды). Тұманды Альбион елінің жалпы жүлдесі Қытайдан аз болғанымен, бір алтын алқа артық алуы таразы басын басып кетті. Ресей болса бәз-баяғы төртінші орнында. Үштікке тағы кіре алмады. Қазақстанға қайта оралсақ, Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында 22-ші орынды қанағ­ат тұтуымызға тура келді. Сәл түгесіліп сөйлеуіміздің себебі бар. Спортшыларымыз ел қоржынына сал­ған жалпы медаль саны бойынша рекордтық көрсеткішке жеттік деп жел­пін­генімізбен, орын бойынша кері кетке­­німізді қайтейік. Қазір барлық басы­лымдар мен ғаламтор сайттарында, әлеуметтік желілерде осы жайт талқыға түсуде.
Сонда да «әттеген-айымызды» сәл ысыра тұрып, ел мерейін асырған спорт­шыларымыздың аттарын атай кеткеніміз дұрыс болар. Жалпы алғанда, Рио Олимпиадасында ойынның 26 түрі бойынша 104 спортшымыз бақ сынаған-ды. Сол жүз төрттен жүлде салған­дарға келсек, бокстан Данияр Елеусінов, жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан Нижат Рахимов алтыннан алқа тағынды. Елдос Сметов дзюдо, Жазира Жаппарқұл ауыр атлетика, Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит бокс, Гүзел Манюрова еркін күрестен күміс медаль еншіледі. Дзюдодан Отгонцецег Галбадрах, бокстан Иван Дычко мен Дариға Шәкімова, ауыр атлетикадан Александр Зайчиков, Фархад Харки, Карина Горичева, жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова, еркін күрестен Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларио­нова қоланы қанжығаларына байлады.
Жарыстың қызығы мен шыжығынан гөрі ондағы жеңімпаздардың қанша жүл­де алатынына қаттырақ алаң­дай­тын халықпыз ғой. Сондықтан, Рио төрінен ел мерейін асырып орал­ған­­дар лайықты марапатталатынын айта кету керек. Олимпиаданың, мем­­ле­ке­тіміздің спорт тарихында аттары қа­лып, көптің қошеметіне бөле­не­тіні өз алдына. Ақшалай да аз сый­лық ал­май­­ды. Спорт және туризм минис­тр­лігі мәлімдегендей, Олимпиа­да жүлде­гер­лері Үкіметтің 2014 жылдың 19 желтоқ­­санындағы №1435 қаулысымен бекітілген мөлшерде сыйақы алады. Мәселен, алтын медаль иегерлері 250 мың доллар, күміс жүлдегерлер 150 мың доллар алса, қола медальға 75 мың доллар беріледі. Сондай-ақ, 4, 5, 6-шы орын алғандар да 30, 10 және 5 мың доллар көлемінде сый­ақы алады. Жаттықтырушылары да құр қол қалмайды. Риодағы 17 жүлдеден бө­лек, екі 4-ші және алты 5-ші орын ал­­­ғандарға берілетін марапаттың бәрін қосып есептегенде, мемлекет бас-аяғы 4 мил­­лион 590 мың доллар, яғни, 1 миллиар­д 551 мил­лион теңгеден астам қаржыға шы­ғын­далмақ. Бұған тұрғылықты мекен­жайы бойынша алтынға – үш бөл­мелі, күміске – екі бөлмелі, қолаға – бір бөлмелі пәтер қарас­тырылатынын қосыңыз. Одан бөлек, жекелеген аймақ­тар мен спорт ұйымдарының өз баста­ма­лары бойынша жерлесін немесе спорт­шысын ақшалай марапаттайтындары тағы бар. Демек, Олимпиаданың әрбір жүлдесі мемлекет үшін арзанға түспейді. Мұның бәрі төккен тер мен еткен еңбектің өтеуі деп түсінгеніміз абзал. Осы жерде Әзірбайжан Олимпиада жеңімпазына 510 мың доллар, Таиланд 314 мың доллар сыйақы төлейтінін айта кету керек. Бірақ, оны 20 жыл бойына бөліп төлейді.
Негізі, бәрі де жақсы еді. Тек Өзбек­стан спортшылары алды­мыз­ды орап кетпегенде… Рио Олимпиа­да­­сы­ның ал­дында спортқа жауапты лауазым­ды­ларымыздың «Лондонда­ғыдан да жоғары көрсеткішке жетеміз» деп лепір­гені жел сөз болып шықты. Иә, медаль саны бойынша солай болды. Алайда, қай орынға тұрақтағанымыз негізгі көрсеткіш екенін ескерсек, кері­сінше, Лондондағы нәтижеден кері кеттік. Онда 12-ші орын еді, Риода 22-ші орынға сырғыдық. Өйткені, алтын медаліміз аз (3 алтын). Бізден бір алтын (4 алтын) артық алған Өзбекстан бір саты жоғары шығып, 21-ші орын алды. Он қола медаль жиылып бір алтын алқаның орнын баса алмайтынын ойын қорытындысы көрсетіп берді. Өзімізді алпауыт елдерге тең көргіміз келіп жүргенде қасымыздағы алашапанды көршіміз оза шапқаны, шыны керек, шымбайымызға батты. Әрине, олардың озғаны емес, ойламаған жерден өзіміздің қалып кеткеніміз. Лондон Олимпиадасында небәрі 48-ші орынға табан тіреген Өзбекстан спортшылары кешегі Рио Олимпиадасында 21-орынға бір-ақ «секірді». Өмірдің өлшемін өркениетті елдерден емес, Өзбекстаннан іздесек те болатын секілді ендігі жерде…

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»