Егер осыдан бес ай бұрын өлшеулі ғұмырдың жиырма бес жылын жасап, кісі қолынан қаза тапқан марқұм Айбар Мұратовқа әлдебір тылсым күш «ажалың бүгін қосылған жан жарың Жадыра Молдаханнан келеді» десе сенбес еді. Ол кездері марқұм Айбар түгіл, қалыңдықтың табалдырықтан ажал кейпінде аттағанын жақын- жуық былай тұрсын, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлдың қызығын көрсетуді Жаратқаннан жалбарына сұраған әке-шешесінің өзі де аңғармаған болатын.

Қысқа өмірді жанындағы өмірлік серігі Жадыра Молдахан саналы түрде ұрламай, тосын жағдай қиып түссе, қазақы көмбістікке салып «Жарат­қанның бұйрығына не шара, өзі берді – өзі алды» деп қайғыдан қан жұтқан шерменде ата-ана шаттығы ортайып қалған шаңырағындағы талқаны таусыл­мағандардың аман­дығын Тәңірден тілеп, шүкіршілік айтар ма, қайтер еді… Өкініштісі, осы қылмыстық істі қараған Алматы қаласын­дағы қыл­мыстық істер жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық сотының судьясы Кеңшілік Абдельдинов мемлекеттік айыптаушының қылмысы дәлелденіп тұрған айыпталушыға 11 жыл 3 ай жаза кесуді сұраған өтіні­шін аяқсыз қалдырып, тергеу органының Жадыра Молда­ханға Қыл­мыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен таққан айыбын Қылмыстық кодекстің 102-бабымен қайта дәрежелеп, мойнына кісі қанын жүктеген адамды бар болғаны бір жылға бас бостандығынан айырып, тағайындалған жазаны қоныс колониясында өтеуге үкім шығарды. Қазының мұнысы қаншалықты әділ шешім? Қылмысы ауыр баппен дәреже­ленген келіншектің әрекетін Кеңшілік Абдельдиновтің тәлтіректеген дәлелдерге сүйеніп, жазалау санкциясы екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шек­теуден аспайтын Қылмыстық кодекстің 102-бабына жетелеп әкелуінде қандай сыр бар?
Ол үшін өткен жылғы қараша айының 16-сы күні болған қанды оқиғаның тергеу органдарымен анықталып, кісі өлтіргені үшін Жадыра Молдаханға тағылған айыптың дәлелдерімен танысып көрсек те жеткілікті. Оның өзі де арадағы ұрыс-керістің қалай басталып, қалай аяқтал­ғанын көрген куәлар мен бөгде адамдардың жоқтығынан Жадыра Молдаханның айтуы бойынша қағаз бетіне түсірілген. Сотталушының жауабына сенсек, сол күні ұйқысынан оянған Айбар Мұратов жуынатын бөлмеге кіріп, есірткі пайдаланғаннан соң ауызғы бөлмеге шығып, ернінен көбігі ағып, түсініксіз нәрселерді сөйлеп отырған. Жадыра жолдасын орнынан тұрғызып, төсекке жатқызуға әрекет жасағанымен, буыны былқ-сылқ етіп еркіне көнбеген Айбарды төргі бөлмеге жеткізе алмайды. Кенеттен Айбар Мұратовқа ғайыптан алапат күш бітіп, келіншегін шашынан тартып, тізесіне ұрып, одан әрі қуалап жүріп сабайды. Жанұшырған Жадыра ас бөлмесіне кіріп, суырмада тұрған асхана пышағын алып, Айбар Мұратовтың жүрек тұсына сілтейді. Жәбірленуші ауыр соққыдан тілге келмей жантәсілім етеді. Тергеу органы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалды көрген куәнің болмауына байланысты сол күнгі оқиға­ның ұзын-ырғасын Жадыра Молдаханның жауапкершіліктен жалтару мақсатында айтқан бірыңғай сөзімен түзіп шыққан. Әділдігіне жүгінсек, тергеу органының одан басқа мүмкіншілігі де жоқ еді. Судья тергеу органының айыптау қоры­тындысындағы жалпы көріністі жұрт­тың есіне салу мақсатындағы Жадыра Молдаханның айтуымен қағаз бетіне түсірілген «ұрды», «соқты» деген сөз­дерден ілік іздейді. Егер осы айып­тау қорытындысын бекітіп отырған Әуезов аудандық прокуратурасы оқиға айыпталушының айтқанындай болса, оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен сотқа өткізбес еді ғой. Оның бер жағында осы іс бойынша тағайындалған сот сараптамаларының қорытындылары марқұм Айбар Мұратов­тың, сотталушы Жадыра Молдахан­ның айтып отырғанындай, есірткі пайда­лан­бағанын, қанының құрамы мен ағзасынан этил спирті мен басқа да есірткілік заттардың табылмағанын дәлелдеп, айыпталушының тергеу амал­дары барысында берген жоғарыдағы жауабының жалған екендігін көрсетіп берген. Өкініштісі, істі қараған судья қол­даныстағы заңның талабына сәйкес, әрбір дәлелдеменің оқиғаға қатыстылығын, жарамдылығын, наным­дылығын, ал, барлық дәлелдемелер жиынтығын қыл­мыстық істі шешу үшін жеткілікті тұрғы­сынан бағалауы тиіс еді. Кеңшілік Абдельдинов болса ішкі пайымының таразысына ақиқат дәлелдерден гөрі сотталушының кіл болжамға негізделген жауаптарын салып, соның ізімен кетті. Нәтижесінде Қылмыстық процестік кодекстің «Дәлелдемелерді бағалау» деп аталатын 125-бабының 1-бөлігіндегі «Әрбір дәлелдеме – оның қатыстылығы, жол берілгендігі, анықтығы, ал, барлық жиналған дәлелдемелер өз жиын­тығында қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануы тиіс» деген қазылар қауымына ортақ қағида шаң қауып, айдалада қалып қойды. Судья Кеңшілік Абдельдиновтің айыпталушы Жадыра Молдаханның бірыңғай ақталу мақсатында айтқан сөзінің негізінде шығарған үкіміне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 15 тамыздағы «Сот үкімі туралы» №19 нормативтік қаулысының 2-бөлігіндегі «Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, жан-жақты және объективті тексеріліп талданған, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, тұжырымдары дәлелденген үкім негізді болып табылады» деген талабы тұрғысынан қарасақ, судьяның ақиқатты анықтау үшін істегі көптеген дәлелдерге баға бермей, заң талабын белден басқандығы сырт адамның өзіне бадырайып көрініп тұрады.
Қазы Айбар Мұратовқа «нашақор», «әйелін сабап, күн көрсетпеген» деген сияқты жібі бос айып тағып кінәламас бұрын, ең алдымен оған қатысты жүр­гізілген сот сараптамасының қоры­тын­дысындағы марқұмның қанының құрамынан этилді спирт пен есірткі заттарының белгісі табылмағандығын дәйектеген тұжырымды үкім шығару барысында не себептен есепке алмаған­дығын қисынды уәжімен бекітуі тиіс еді. Іске тігілген құжаттарды заңдық тұр­ғыдан зерделеп көрсеңіз, судьяның ақиқат ауылынан алыс жатқан үкімінің қисындылығын жоққа шығаратын дәл­ел­дер көп. Мәселен, 2015 жылдың
2 жел­тоқсаны күні Жадыра Молдаханға қа­тысты жүргізілген №-1-792 санды сот-психиатриялық сараптамасының қоры­тындысында оның қандай да бір психикалық аурулармен сырқат­тан­байтындығы, өзі жасаған іс-әреке­тімен нақты мінездемесімен қоғам­ға қауіптілігін сезінгенін және сол әрекетті жасаған уақытта өзін-өзі басқара алған­дығы, өзіне қарсы мәжбүрлі меди­цина­лық шараны қолдануды қажет етпейтіндігі көрсетілген. Ендеше, судья­ның қылмыс жасаған кезде дені сау, жан күйзелісі жағдайында болмаған деп танылған Ж.Молдаханның әрекетін не себептен Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінен 102-бапқа қайта дәрежелегенін түсіндіруі қажет емес пе еді, өкініштісі, қазының істі екі ай қарап шығарған 12 беттік үкімінде айыпталушының Айбар Мұратовтың нашақор екендігі, оның өзін ұрып-соқ­қандығы, сондықтан, «қорғану мақ­сатында пышақ сілтедім» деген тәрізді жарық дүниеде көзі жоқ адамды кіл қорлап, жала жабу мақсатында айтқан жалаң сөзінен басқа іліп алар ештеңе жоқ.
Сот отырысы барысында айыпталу­шы Жадыра Молдахан мәселе сілтенген пышаққа келіп тірелгенде айтар жауабын өзгертіп, қайта-қайта шатаса бастады. Ол мемлекеттік айыптаушы Жанель Болатовтың «сіз айтқандай, есірткі уытына еліткен Айбар Мұратовтың орнынан тұратындай шамасы болмаса, ол сізге қалай қол көтеріп жүр?» деген сауалына да жауап қайтара алмай мүдірді. Жадыра Молдахан алыс-жұлыс кезінде жолдасын ішінен ұрға­нын мойындағанымен, пышақты қалай сілтегенін есіне түсіре алмаса, енді бірде кездікті асхана бөлмесіндегі шкафтың суырмасынан алғанын рас­тады. Бастапқы сот отырыстары бары­сында судьяның «неге күйеуіңе пышақ сілтедің, басқа нәрселермен сабап, тоқтатуға мүмкіндік болмады ма?» деген сауалынан да «есімде жоқ» деген жалпылама жауаппен құтылып кетті. Сот сараптамасы қылмыс жасаған кезде өз-өзіне есеп беретіндей халде болған, жүйке ауруымен сырқаттанбайды деп анықтама берілген Жадыра Молдаханның сол күнгі оқиғаның бәрін қаз-қалпында есіне түсіріп, тек кісіні қалай өлтіргенін тарс ұмытып қалуы мүмкін бе?
Жадыра Молдаханның үстінен қозғалған қылмыстық іс өзінің сипаты жағынан соншалықты көп көріністі, аса күрделі емес. Бастапқыда мұндай істерді азғана уақыттың ішінде айналдырып тастаймыз деп қуаттандырған қазы келе-келе сот ғимаратының көшкенін, қолы тимей қалғанын желеу етіп, істі сағыздай созып табандатқан екі ай бойы қарады. Кезінде осы оқиғаға байланысты сот сараптамасын жасап, оның қорытындысын мөрімен бекіткен мамандардан қайтадан жауаптар алынды, Жадыра Молдахан­ның тазалығын, кісі баласына қылаудай қиянат жасамайтын жан екендігін, ал, Айбар Мұратовтың оны «сабағанын» көрген «кезекші» куәлар шақыртылды. Олардың айтқан жауабының түпкі мағынасы «жәбір­ленуші дөрекі болатын», «үйінен қуып жібергенін көрдік» деген секілді нақты­лықтан гөрі түп қазығы бос жалпылама әңгімелердің шегінен аса алмай жатты. Қылмыстық процестік кодекстің 24-бабы­ның 1-бөлігіндегі «Сот, прокурор, тер­геуші, анықтаушы істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті» деген заң талабын негізге алсақ, судьяның онсыз да соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр­ған жағдайларды сын таразысынан өткізіп алғанында тұрған оғаштық та жоқ шығар, алайда, бұрын дәлелденген мәселелерді қайта қазбалағаннан Жадыра Молдаханның кінәсін жеңілдететін­дей бірде-бір дәлел табыла қоймады. Ақыры тас қамал дәлелдерден орағытып өтетіндей жол таппай дағдарған судья мен айыпталушының қорғаушысы сот отырысына шақырылған сот сарап­тамасының маманы Д.Скурихинаға «марқұм Айбар Мұратовтың сондай есірткі заттарын пайдалануы мүмкін бе?» деген тәрізді екіұшты, сот тергеуі барысында ақиқатты анықтауға қылаудай да пайдасын тигізбейтін мағынасыз сауалдар қоя бастады. Сараптама маманы Жадыра Молдаханның қорғаушысы Нұрхан Амангелдінің А.Мұратовтың көзі тірісінде «спайс», «живяж» сияқты есірткі заттарын қолдануы мүмкін бе деген сауалына дәл қазіргі жағдайда оны анықтауға мүмкіндіктің жоқ екендігін айтты. Мұны заңның тілімен айтсақ, А.Мұратовтың қанының құрамы мен ағзасында есірткі затының уыты жоқ деген сөз. Бірақ, онымен көзі жоқ жәбір­ленушіні жөн-жосықсыз айыптау тоқтай қоймады. Сот тергеуі барысында Жадыра Молдаханның адвокаты марқұм Айбар Мұратовты қаралап, кінәлі етіп көрсету мақсатында оның үстінен 2011 жылы бұрынғы Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен, 2013 жылы 120-баппен қозғалып, тараптардың татуласуымен қысқартылған істерінің мәліметтер базасындағы тіркелген деректерін оның бұл оқиғаға қатысы жоқтығына қарамастан, іске тіркетті. Қорғауындағы адамды ақтау үшін қарсы тараптағы адамның кінәратын теріп көрсету адвокаттың міндеті де шығар, алайда, судья Кеңшілік Кеңесұлының адам өліміне қатысы жоқ, тараптардың татуласуымен әлдеқашан өндірістен қысқартылған деректерді қайтадан жаң­ғыртып, қабылдап алуы заң талабына қаншалықты сыйымды? Сірә да, ол судьяға Айбар Мұратовты қаралау үшін қажет болған сияқты. Расында да, кейін судья осы деректерді үлкен жаңалық тапқан адамдай өз үкімінде «Сонымен қатар, сот мәжілісінде анықталғандай, жәбірленуші Мұратовтың 2011 жылы ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігінде, 2013 жылы ҚР ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыстарды спирттік ішімдіктер ішіп жасағанын, сонымен қатар, қоғамдық орында спирттік ішімдіктер ішіп, әкім­шілік жауапкершілікке бірнеше рет тартылғаны сотқа ұсынылған қаулы көшірмелері мен сұрауларға берілген жауаптармен толық дәлелденген» деп тұжырымдайды да, мұндай ескірген деректердің ішімдік ішіп немесе есірткі пайдаланып әйелін сабамаған, керісінше, Жадыра Молдаханның қолынан қаза тапқан Айбар Мұратовтың өліміне қаншалықты қатысы бар екендігін бекітпейді.
Судья К.Абдельдинов сот тергеуі барысында Жадыра Молдаханның адвокаты Нұрхан Амангелдінің ұсы­ны­сымен тағайындалған психолог-психиатриялық сот сараптамасының сарапшысы Ә.Мұқаммадидің Жадыра Молдаханның баяндауымен түзген қорытындысындағы сотталушының мұндай әрекетке күйеуінің ұрып-соғуы мен сәбиінен айырылуынан эмоциялық толқудың әсерінен баруы мүмкін деген жалаң жауабына сүйеніп, «Осын­дай анықталған мән-жайларда соттың тұжы­рымынша, сотталушы Молдаханның «Мұратовтың ұрып-соғуы барысында қолыма түскен затпен қорғандым, ас бөлмесіне де қорғану үшін кірдім, қолыма пышақ алғанымды және соққанымды білмеймін» деген көрсетулерін жоққа шығаратын негіздер жоқ, сол себепті сотталушы Молдахан қолына пышақ алғанға дейін қорғану жағдайында әрекет еткен деп табады» деп қорытынды жасайды. Шындығына келсек, сарапшы Ә.Мұхаммади өз қорытындысында Жадыра Молдаханда қылмыс жасаған кезде жан күйзелісі болмағандығын, тек эмоциялық толқудың нышаны барлығын ғана айтып отыр. Ол қылмыс жасау үстінде айыпталушыда жан күйзе­лісі болмағандығын сот отырысы үстінде бірнеше рет қадап айтты. Қажет десе­ңіз, көңіл күйдің толқуы деген түсінік бұрынғы Қылмыстық кодекстің 109-ба­бына берілген түсіндірмеде де, қазіргі Қылмыстық кодексте де жоқ, ондай терминді басшылыққа алынатын қыл­мыстық заңнамалардан да тап­пай­сыз. Заңдарымызда жан күйзелісі жағдайында жасалған қылмыс деген түсінік қана бар. Сондықтан да, судья Кеңшілік Абдельдиновтің сарапшы­ның қорытындысындағы эмоциялық толқу деген сөзді өз ыңғайына келтіріп, Ә.Мұхаммадидің «…Молдахан аффек­тінің кумулятивтік тереңдігіне жетпеуіне байланысты эмоциялық толқуда, яғни, жан күйзелісіне жақын жағдайда болған» деген жалпылама жауабына сүйенуін қисынсыз деп санаймыз. Судьяның айыптауға негіз етіп алып отырғаны жан күйзелісі ме, жоқ әлде соған жақын жағдай ма? Алайда, судья оған да баға беріп, жұрттың көңіліндегі күмәнді сейілтпеді, «Жадыра Молдахан олай деп айтты, айыпталушы бұлай деп айтты» деген секілді түпкі ұшы ұстат­пайтын түлкібұлаң жауаптарға негіз­делген айыптауларын жалғастыра береді.
Есірткі мәселесінен Айбар Мұратов­ты қаралап, ағаш атқа теріс мінгізе­тіндей дәлел таппаған судья Кеңшілік Абдельдинов енді Жадыра Молдаханның дәрігердің ұйғарымымен алынған ауру нәрестесінің өлімінен де марқұмды кінәлайтындай кінәрат іздеп, «…сот­талушы Молдаханның «Мұратов мені ұрып-соғу салдарынан ішімдегі баланы алдыруға тура келеді» деген ұстанымы да ішінара негізді деп санауға тура келді» деп байлам жасайды. Бірақ, оны қалай негізді деп санайтындығын сол баяғысынша дәлелмен тұжырымдамай­ды, сот мәжілісінде сұралған дәрігер А.Ағатаева­ның Ж.Молдаханның ішін­дегі нәрестенің туабітті ауру болып жетілмеуіне байланысты алдыру қажет болғанын, Жадыра Молдаханның «Айбар Мұратов тепкішектен итеріп жібергеннен кейін сәбиім іштен өлі туды» деген жауабының қисынсыз екендігін, шын мәнінде нәрестенің дәрігерлердің дәрі салу арқылы шетінегенін айта келіп, маманның мұндай кемтарлықтың кейде әйелді ұрып-соғудан болуы мүмкін» деп тұспалмен айтқан жалаң жауабынан шындық іздейді. Жеткілікті зерттеліп, бағаланбаған «мүмкін» деген мазмұндағы ұстатпайтын дәлелдерге сүйеніп, адамға күйе жағып, жазғырып, жазалауға бол­май­тындығын басқа емес, Алматы қала­сындағы қылмыстық істер жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соты­ның судьясы Кеңшілік Абдельдиновтің қаперге алмағаны қызық. Сот сарап­тамасы Айбар Мұратовтың қаны мен ағзасынан этил спирті мен есірткі зат­тарының табылмағанын, марқұм жол­дасының Жадыра Молдаханды ұрып-соққанын көрген куәлардың жоқтығы мен ол жөнінде құқық қорғау органдарына шағым түсіріліп тіркелмегенін, ал, нәрес­тенің сырқаттығына байланысты ата-анасының келісімімен алынғандығын айтқан дәрігердің жауабына қарамастан, судья мен қорғаушы Нұрхан Амангелдінің Айбар Мұратовты жерден алып, жерге салып, «нашақор», «әйелін сабаған» деп айыптайтын жөні бар ма?
Сот отырыстары барысында көзге шұқып көрсететіндей дәйекті дәлелі болмаса да, А.Мұратовты нашақор деп қаралап, аруағын қорлаудан Алматы адвокаттар алқасының мүшесі, айып­талушы Жадыра Молдаханның адвокаты Нұрхан Амангелді де қалыса қоймады. Ол сот талқылауы мен жарыссөзі барысында Айбар Мұратовтың жуынатын бөлмесі­нен «бульбулятор» деген лақап аты бар пластикалық бөтелкенің табылғандығын айтып, бірақ, оны марқұмның қолданға­нын сот сараптамасының бекітпегенінен жасқанды ма екен, «бұлар құтының кімге тиесілі екендігін айтпай, ішке бүгіп шындықты әдейі жасырып отыр» деп жалғыз ұлдың қайғысынан қан жұтқан әке-шешесін кінәлап біраз жер­ге апарып тастады. Марқұм Айбар Мұратовтың есірткі пайдаланбағанын сот сараптамасының өзі анықтап отырса, Нұрхан Амангелді шалғайынан ұстап айырылмай отырған құтының Жадыра Молдаханға тиесілі болуы да мүмкін ғой. Нұрхан Амангелді білікті болса, тергеу органы мүлт жіберген осы кемшілікті түзету үшін жұртқа жаппай күл шашпас бұрын, жер-жерге сұрау салып, құтының кімге тиесілі екендігін анықтап алуы керек емес пе еді?! Әлде біреуді қорғаймын деп отырып өзге біреуді қорлау арқылы мақсатқа жету адвокаттың негізгі әдісінің бірі ме? Ондай жағдайда адамгершілік, ар-ұят деген киелі ұғымдардан қандай қадір-қасиет қалады?! Амал нешік, марқұм Айбар Мұратовты жосықсыз қаралап, әдептен асқан адвокатқа сот отырысы барысында «ау, мұныңыз қалай» деп жөн айтып, тоқтау салатын пенде табылмады. Судья да, мемлекеттік айыптаушы да төмен қарап тұнжыраумен болды. Нұрхан Амангелдінің сот отырысы мен жарыссөзіндегі осындай қасиеттеріне қарап отырып оның «Адвокаттардың кәсіптік әдебі кодексінің» 2-тарауының 11-бөлігіндегі «Сот жарыссөздеріне қатысушы ретінде адвокат өзінің оппонент­теріне құрметпен қарағаны жөн. Оның уәждері сот зерттеген іс материалдарының талдауына негізделуі тиіс» деген тәртіптен бейхабарлығын байқадық. Алматы қалалық адвокаттар алқасының басшылары өздеріне мүше адвокаттардың білімі мен біліктілігін ғана емес, бір сәт адамгершілік келбеті мен парасатының қаншалықты екендігін де тексеріп таразылап отырса, адам тағдырынан гөрі алатын ақысына көбірек алаңдап, обал-сауапты аттап өтетін әлгіндей қорғаушылардың саны азаяр еді.
Соңында қалған ата-анасына бүкіл ауыртпалығын арқалатып, тұңғиыққа аттанып кеткен Айбар Мұратовтың өліміне қатысты жүргізілген сот отыры­сынан көңілге түйгеніміз осы. О дүниелік болған адам құлазыған шаңыраққа қайта оралмас, уақыт өте келе батпандап, басып қалған қайғының азабы да жеңілдеп бірте-бірте ұмытылар. Бірақ, судья­ның әділетсіз үкімі жаралы жандардың көңілінен өше қоя ма?
Біз бұл материалымыз арқылы бүкіл судьялар қауымына күл шашуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Сот жүйесінде заң талабымен бірге имандылықты, адам деген ұлы тұлғаның обалы мен сауабын ту етіп көкке көтеретін қазылар аз емес. Десе де, әрбір қате шешімнің мемлекет беделіне нұқсан келтіретінін түсінбейтін судьялардың да кездесіп қалатыны рас. Оған кейбір қазылардың шығарған шешімдері мен үкімдерінің жоғары сатыларда бұзылып, соңында әділдіктің салтанат құрып жататындығы дәлел. Бүгінгі іс соның бір парасы ғана. Дегенмен, әзірге жеңіл жазамен құтылып отырған Жадыра Молдаханды жазықсыз төгілген қан жібермес, бастапқы сот сатысынан кеткен әділетсіздікті Алматы қалалық сотының апелляциялық саты­сының судьялары қалпына келтірер деген үміттеміз.
Е. КАМАЛ