Өнерпаздар Сан-Марино жолдамасын сарапқа салатын сайыс.  Осы демалыс күндері алып шаһарда «Танысу Алматы» деп аталатын алғашқы халықаралық фестиваль өтеді. Қазақконцертте өтетін аталған шараға 500-ге жуық әртіс қатыспақ. 
Әр түрлі буын өкілдері барлық жанрдағы әндерді нақышына келтіре орындап, мың бұрала билеп, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен өнерімізді паш етеді. Өнерпаздарды Италияның атақты әртістері бағалайды. Қазылар алқасының арасында әлемге әйгілі тенор Гайан Луча ПасОлини, 20 жылдық тәжірибесі бар Германо де Росси және пианист Стефано Мальферрари де бар. Өнер сайысының жеңімпаздары Сан-Марино жерінде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған гала-концертте өнер көрсететін болады.
«Бас жүлдені жеңіп алған үздік қатысушылар бұл фестивальге тегін қатысады. Сонымен қатар, ерекше өнерімен танылған қазақстандықтарға Италия елінде шеберлік сағаттары ұйымдастырылатын болады. Ол да тегін болады»,- деді ҚР Сан-Марино еліндегі консульдығының мәдениет басқармасы бөлімінің жетекшісі Жанна БАЙБАҚОВА.
Сондай-ақ  жеңімпаздар Италияның көрікті жерлеріне, атап айтқанда  Рим, Венеция, Флоренцияға саяхаттауға мүмкіндік алады. Жобаға Мәдениет және спорт министрлігі мен Сан-Марино Республикасының үкіметі мұрындық болып отыр. Айта кетер жайт, 2016 жыл елімізде Италия өнерінің жылы болып жарияланды.