Уақыттың тың талаптары, соған сай қабылданған соны ше­шімдер, қажеттіліктер жаңа құқықтық қа­ты­настарды тудырып отырады. Сол секілді бүгінгі әлем­дік экономикада қа­лып­тасқан дағ­дарысты жағдай елі­міздің де өз мүмкіндігін саралап, саясатын шегелеп, эко­но­микасын нығайтудың жаңа жолдарын іздестіруді қа­жет етуде. Елбасының бес институционалдық ре­фор­ма­сы осы жолдағы ізденістің жемісі болса, «100 нақты қа­дам» болып айқындалған Ұлт жоспары бұл маңызды құ­жатты жүзеге асы­ру­дың айқындалған шаралары еді.

Өтіп бара жатқан жылдың негізгі оқиғасы болған осы құжаттың қабылдануы еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының іскерлігіне, біліктілігіне сын болды. Өйткені, Парламенттің қос палатасы алдында қысқа мерзім ішінде барша халықтың үміті мен сенімін арқалаған тұтас ел­дің саяси-экономикалық, әлеу­мет­тік-мәдени дамуын дағдарыс кезеңінде іркілтпей, жаңа биік­ке алып шығудың кешенді бағ­дар­ламасын заңнамамен қам­та­масыз ету міндеті тұрды. Бұл оңай жұмыс емес еді. Әр­қай­сы­сы­ның арқалайтын жүгі қара нар­дың бе­лін қайыстырардай жүз­ге жуық заңды қарап, кемшін тұстарын ширатып, қабылдау депу­таттық корпустан үлкен күш-жі­гер­ді, бі­лік­тілікті, жұдырықтай жұ­мыл­ған ұйымшылдықты қажет еткені ақиқат.
Сессия басталған кезден бастап Парламенттің күн сайын бірнеше заң жобасын жұмысқа қабылдап, олар бойынша құрылған жұмыс топтарының, комитеттердің сенбі, жексенбіге қарамай құжаттарды қарап жатқанына куә болдық. Бұл жөнінде Мәжіліс спикері Қа­биболла Жақыпов: «Мәжілістің жұмыс кестесі өте тығыз. Әрбір күн, әр сағат есепке алынды. 1 қыр­күйекте Парламенттің бесінші сессиясы ашылғаннан кейін іле-шала Мәжілістің бюросы өткізіліп, онда келіп түскен заң жобалары бөлінді. Бейінді комитеттердің отырыстарында жұмыс топтарының жетекшілері мен құрамы белгіленіп, заң жобаларымен жұмыс кестесі нақтыланды», – деп атап өткен болатын. Осы тегеурінді еңбек өз нә­тижесін берді. Небары үш айға жетер-жетпес уақытта Парламент 3 конституциялық заң, 19 негізгі заңдардың жобасы, қолданыстағы құқықтық базаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін 40 заң жобасын қарап, қабылдады. Тұтастай алғанда, мемлекет пен қоғам тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтыған Президенттің бес институционалдық реформасының толықтай құқықтық базасы жасалды. Олардың ішінде бас­тылары ретінде Ұлт жоспарының алғашқы он бес қадамына арналған қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру шараларын құқытық тұрғыда дәйектеген «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа редакциясы мен оның ілеспе заңын атап өтуге болады. Бұл құжатта уақыт айқындаған мүлде жаңа ережелер бекітілді. Олар «интеллектуалдық, мораль­дық және кәсіптік жағынан ең лайықтылардың басқаруы» ретінде «меритократия қағидаттарына» және білімін, дағдысын, тәжірибесін іс жүзінде тиімді қолданып, ол үшін жауап бере алатын мемлекеттік қызметкерлерді таңдау және жоғарылату қағидаттарына негізделді. Сол секілді, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тура­лы» заңның жаңа редакциясы қолданыстағы құжаттың заңды жалғасы іспетті болғанымен, онда да өзгерістер аз емес. Мәселен, бұл құжатқа «сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг» және сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқа да іс-қимылдың шаралары» енгізілді. Бес институционалды реформаның «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша бірқатар заң жобалары қабылданды. Олардың ішінде «Қазақстан Респуб­ликасының Жоғары сот кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы», Қазақстан Республикасының «Конституциялық заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бар.
Жаңадан қабылданған заң­на­малық құжаттар арасында «Нұрлы Жол» бағдарлама­сын іске асыруға құқықтық тұрғы­да негізделген заңдардың шоқ­тығы биік. Олар экономиканың жа­ңа көкжиегін бағындырудың бір белесі Еуразиялық континенттік көліктік жүйесінің инфра­құрылымдық желісін құру мақсатын жүзеге асыруды көздейді.
Әлеуметтік саладағы заңдардың тұтас топтамасы қаралды, олардың арасында Қазақстан Рес­публикасының Еңбек кодексі, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы» және басқа да заң жобалары бар.
Депутаттар бастамасымен дайындалған «Қазақстан Рес­публикасындағы қоғамдық кеңестер туралы» заңда Елбасы реформасындағы «Транспарентті және есеп беруші мемлекет» атты бесінші бағытты іске асыру тетіктері белгіленді. Сол секілді, халық қалаулылары әзірлеген «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» тағы бір заң жобасы азаматтардың ақпаратты еркін алу және заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен оны тарату жөніндегі конституциялық құқығын іске асыруды қамтамасыз етуді көздейді.
Тұтастай алғанда, Парламент биыл 167 заң қабылдады. Бүгінгі таңда бұл заңдардың 87-ісіне Мемлекет басшысы қол қойып үлгерді. Келесі жылдың басынан бастап күшіне енетін жаңа құжаттар тәжірибеде тиімділігін көрсетіп, еліміздің барлық саласындағы жетістіктердің негізіне айналса игі.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»