Қой жылының да тарих қойнауына енуіне санаулы күндер қалды. Жалпы, ертеден 12 айға 12 түрлі жан-жануар атауын беріп, жануардың өзіне тән қасиеттері арқылы оның атын иеленген жылдан жақсылық, береке күтетін елміз. Қой малы, көбіне, қазақ үшін момындықтың белгісіндей көрінетіні рас. Табиғатынан жуас адамды «қой аузынан шөп алмайды» деп жататыны сондықтан болса керек. Бұл түлік біз үшін береке, молшылық, тыныштықтың да нышаны іспетті. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды іздеген Асанқайғы бабамыз жайлы аңыз сөзіміздің дәлелі. Қорасына мал бітсе тобасынан жаңылатын пенделерге қарата «семіздікті қой ғана көтереді» дейтініміз тағы бар.

Қазақ үшін осынша мән-маңызға ие түлік түрі­нің атауын иеленген биылғы жыл несімен есте қалды дегенде, әрине, әркім өзінше есеп бере жатар. Жалпыға ортақ не болды, қоғамды дүрліктірген нендей оқиғалар орын алды?! Біз солардың бірсыпырасын шолып өткенді жөн көрдік.
Жиі айтатын сөзіміздің бірі – құқықтық, зайырлы мемлекет екендігіміз. Іргетасымызды осындай құндылықтармен қалағымыз келсе, ол үшін заң-зәкөндердің орны орасан. Елдегі елеулі оқиғалардан Парламент қабылдаған заңдарды бөлектеуге болмайды. Өйткені, ол – мемлекетіміздің ең басты заң шығарушы органы. Сонда да цифрларды сөйлете кетсек, Парламент биыл 167 заң қабылдаған. Қос палаталы Парламенттің мұнша қызу жұмыс істеуіне не себеп десеңіз, ол – Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспа­рын орындаудың заңнамалық негізін жасау. Сол мақсат­та қабылданған бұл заңдардың бәрі 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін болады. Әлбетте, Елбасының алға қойған жоспарын іске асырудың заңнамалық тетіктерін жасау үшін қабыл­дан­ған жаңа құқықтық құжаттар Елбасының ғана емес, елдің де көңілінен шығады, мемлекет мүдде­сі­не жұмыс істейді деген сенімдеміз. Ал, көптеген жаңа заң жобаларын қабыл­дау­ға түрткі болған бес институционалды реформаның өмірге келуін 25 сәуірде өткен Президент сайлауымен байланыстырмай тұра алмаймыз. Ұзын-ырғасы қоғамға жақсы белгілі науқанның тарихын қайта тізбектеу артық. Ең басты атап өтерлігі, ел ертеңі үшін зор маңызға ие саяси науқанда Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегідей қарсыластарынан қара үзіп, оқ бойы озық шықты. Кезекті рет мерзімді кезеңге сайланған мемлекет басшысы алға жаңа жоспар түзді. Ол әлі күнге жер-жерде қызу талқыланып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ретінде көрініс тапқаны баршамызға мәлім. Басқасына ойыспай тұрып, ел үшін елеулілігі Елбасымен байланысты дүниелерді түгендеп тынсақ. Онда 30 қарашадағы Жолдау ойға оралады. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму». Биыл осындай тақырыпты арқау еткен Жолдауда Президент жаһанда қалыптасқан экономикалық күрделі ахуалдың Қазақстанға төндірер сын-қатерлері мен еліміздің оған қарсы тұрудағы мүмкіндіктерін саралады. Мемлекеттің дағдарысқа қарсы стратагемасы – өсім, реформа және даму екенін еске салды. Ол үшін қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру секілді құрылымдық жаңарудың бес бағытын жүзеге асыруды жүктеді.
Соған қарамастан, елдегі қаржылық ахуал дәл қазіргі уақытта мың құбылып тұр. Оған себеп болған, тамызда Ұлттық банк пен Үкіметтің теңгені еркін айналымға жіберуі. Жаздың соңғы айына дейін бір долларға шаққандағы бағамы 185 теңгенің шамасында болып келген ұлттық валютамыз содан кейін құлдырап қоя берді. Оның алдында валюта бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық банк ұлттық қордан миллиардтаған қаржы жұмсап келген. Тамызда «бұдан былай оған араласпаймыз, енді валюта бағамын нарықтың өзі реттейді» деп мәлімдеді. Алайда, доллар шарықтап шыға келгенде Ұлттық банктің қаржылық интервенция жүргізуіне тура келді. Қыркүйектен бері ара-тұра жүргізілген интервенцияның өзіне қыруар қаржы салып үлгерді. Қалыптасқан ахуалға байланысты қоғам бас банкир Қайрат Келімбетовті жерден алып, жергі салды. Қызмет орнынан кетуін талап еткендердер де табылды. Ақыры, солай болды да. Келімбетов кетсе, бәрі орнына келетіндей көрінген көптің тілегі орындалып, Ұлттық банктің төрағалық тізгіні Данияр Ақышевқа тапсырылды. Бас әрі жас банкир атанған Ақышев келген соң да АҚШ доллары айылын жия қойған жоқ. Оған бүгінгі жағдай куә.
Қазақтың ұғымында «жұт жеті ағайынды болатыны» секілді, бұл жолғы қиындық «екі ағайынды» екенін танытты. Девальвация мен дағдарыс. Бірі бірін сүйрей келді. Мұңға айналған мұнай, төмендеген теңге, дөңгеленген доллар, азық-түліктің қымбаттауы, тағысын тағылар. Биылғы жылдың басты уақиғасының бірі – дағдарыстың оңай болмайтынын биліктің мойындауы. Ашық мойындау халықпен алшақтаңқырап кеткен араны жақындатуға сеп болса, бұл жақсы. Сонымен, осыған дейін «Орта Азияда көшбасшымыз», «экономикамыз тұрақты дамып келеді», «өндіріс пен ішкі өнім артуда» деп ұрандатып келген билік экономикамызға, тіпті, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға қауіп төніп тұрғанын ашық айтты.
Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруіміз де биылғы жылдың айшықты уақиғасы. Бұл елге сырттан келетін тауарлардың аз да болса арзандауына әсер етеді деген үміт бар. Көрші қырғыз баяғыда-ақ бас сұққан бұл ұйымға мүше атану біз үшін қол жетпес армандай көрінген. Алайда, ұзақ жылдарға созылған келіссөз нәтижелі аяқталып, арман ақиқатқа айналды.
Қаржылық, экономикалық һәм әлеуметтік мәселелерден бөлек, биылғы жыл аты-шулы сот істерімен есте қалмақ. ЭКСПО басшысы Талғат Ермегияев, Қарағанды обылсын, одан кейін Үкіметті басқарған Серік Ахметов, Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбішевтердің ісі сөзіміздің дәлелі. «Астана. ЭКСПО-2017» ҰК экс-төрағасы Талғат Ермегияев алдымен үйқамаққа алынып, артынша-ақ тұтқындалғаны есте. Миллиардтаған қаржыны қымқырды деп айыпталған оның ісіне әлі нүкте қойылған жоқ. Есесіне, жақында ғана Серік Ахметовке сот үкімі шықты. Ісі 338 томға жүк болған оған 10 жылға жаза кесілді. Әлбетте, бұл істе жалғыз емес, сыбайластары бар. Бәрі мемлекет қаражатын жымқырып, қызметтерін асыра пайдаланғандары үшін жаза арқалады. Сот істері жайлы айтқанда Астанадағы «Әлібидің ісі» секілді қоғамдық резонанс тудырған бірнеше мысалдарды келтіруге болар еді.
Бірақ, сөз соңын қой жылының көңілге қонымды тұстарымен түйіндегіміз келіп отыр. Олай дейтініміз, қой жылы, шынында, той жылы болды. Жеңістің 70 жылдығы, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы елдік мерекеге айналды. Қазақ хандығының 550 жылдығы жайлы әңгіме бөлек. Ас беріп, бәйге шаптыру емес, біз бұл арқылы тарихымызды бір түгендеп, кеше ғана пайда болмаған ел екенімізді дәлелдік.
Биыл дағдарысқа қарамастан мемлекет деңгейіндегі осылар іспетті бірнеше мерекені тойлаппыз. Қазақта «бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз» деген сөз бар емес пе? Сол рас екен-ау, шамасы.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»