Сот билігінің беделі көбінесе төртінші билікпен байланыстырылады. Өйткені, сот пен бұқаралық ақпарат құралдары байланысы­ның, бірлесіп жұмыс жасауының маңызы күннен-күнге артуда. Сондай-ақ, халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін көтеруде БАҚ-тың рөлі ерен. Мұны айтып отырғанымыз, соңғы кездері бірқатар заңдар жаңарды. Соларды халыққа жеткізіп түсіндіру, әрине, алдымен БАҚ өкілдерінің міндеті. Дейтұрғанмен, заңдардағы әрбір өзгерісті жұртшылыққа ұғынықты, дәл жеткізуде заңгерлер мен құқық қорғау орган­дарының өкілдері, соттар, адвокаттар т.б. маман­дар тарапынан белсенділік қажет. Себебі, құқық, заң тақырыптарын кез келген тілші шемішкедей шаға алмайды. Олардың қателесулері әбден мүмкін. Мұндай өрескелдікке жол бермеу үшін журналистер көбіне-көп мамандар пікіріне жүгінеді. Ал, ол мамандардың қашан, қалай жауап беріп жүргендерін тілшілер қауымынан басқа ешкім білмейді.
Мысалы, құқық қорғау, әділет, сот орган­дарының қай-қайсысында да арнайы БАҚ-пен байланыс бөлімдері жұмыс істейді. Осы жерде айта кетерлігі, бұқаралық ақпарат құралдары халық пен билік арасындағы алтын көпірге саналады. Осы қағидатқа сүйенсек, БАҚ-пен байланыс бөлімдері журналистер мен мекемелер арасын жалғастырушы алтын көпір. Яғни, органдар еңбегінің, оның ішінде жетістігі мен кемшілігінің көпшілікке қалай жетуі тікелей баспасөз қызметтеріне тәуелді. Оған жағымды-жағымсыз ақпараттарда журна­листердің алдымен БАҚ-пен жұмысты үйлес­тірушілерге хабарласып, мәселенің анығын білуге тырысатындары дәлел. Осы себепті жылды қорытындылауда республикалық «Заң газетімен» тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін ел соттарының баспасөз қызметтері жайлы бірер ауыз сөз айтуды жөн көріп отырмыз.
Он алты облыс пен Астана, Алматы қала­лары соттарының, оның ішінде судьялар, сот мамандарының материалдары көбіне газетке баспасөз қызметтері арқылы хатпен мөр­леніп жіберіледі. Арнайы қызметте арнайы мамандар отыр. Кейде солардың өздерінің не судьяның болсын мақаласын басылымға жіберерде бастан-аяқ саралап оқығанына күмәнданасың. Бастауышы соңында, баян­дауышы басында, яғни, орысшадан сөзбе-сөз аударма немесе плагиат болып шығады. Облыс соттарында қаралған әрбір істі егіз қозыдай бір-бірінен айнытпай, сотталушы С. немесе Б. деп қылмысына қарай мынандай жаза алды деп жазуды баспасөз қызметіндегілер әдетке айналдырған. Республика соттарында қаралып жатқан істерді түгелдей газет бетіне басу мүмкін еместігі ескеріле бермейді. Олардың орнына жыл басында күшіне енген Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық атқару кодекстерінің қолдану барысында байқалған артықшылықтары мен кемшін тұстары судьялар ойымен жеткізілсе, оқырманға анағұрлым пайдалы болар еді. Атырау, Батыс Қазақстан облыстық соттарының белсенділігі жылдағыдай емес, биыл төмен. Аталған екі өңір мен Оңтүстік Қазақстан облыстық соттарының баспасөз қыз­метінде Боранбай Ғалиев, Аманкелді Шахин, Қабыл Дүйсенби секілді қаламы қарымды, тәжірибелі журналистер отыр. Сондықтан, бұл аймақтардан жолданған материалдарды түзеп-күзеуде маңдай тер көп төгіле қоймайды. Бұл қатарға Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыс­тық соты мен Астана қалалық сотын қосу­ға болады. Жіберілген мақалаларының маз­мұны, маңыздылығы, жеделдігі жағынан сапа ана­ғұрлым түзелген. Баспасөз қызметіне білікті маман­дар келгені бірден байқалады. Және бұл облыс­тардағы сот төрағаларының баспасөзге деген оң ықыласын, қолдауын байқатса керек. Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарының баспасөз қызметі әлсіз. Шағын ақпаратты анда-санда беріп тұрғандары болмаса, бұл өңірлердің судьялар қауымы үнсіз. Сот саласындағы рефор­маларға қатысты айтар ойы жоқтай тым-тырыс жатыр. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен түсетін материалдар сапасы да көңіл­ді көншітпейді. Қалалық соттың баспасөз қыз­метінен, судьялары самарқау болғанымен, есесіне қаладағы аудандық соттар, нақты айтсақ, №2 Бостандық, №2 Алмалы, Медеу, №2 Медеу, Алатау, №2 Жетісу аудандық сот­тарының судьялары мен мамандарының бел­сенділігі жоғары. Алматы облы­сына келсек, Еңбекшіқазақ, Қаратал, аудан­дық және маман­дандырылған ауданаралық эконо­микалық, әкімшілік соттарының судьялары халық­қа әрбір заңды түсіндіріп, сот жүйесіндегі рефор­маларды насихаттауды назарларынан тыс қалдырмайды.
Газетке материалдың сол күйі жариялан­басы белгілі. Ол міндетті түрде талапқа сай өңделіп-жөнделеді. Дейтұрғанмен, баспасөз қызметтері жолдайтын мақалаларды басылым қызметкерлерінің қайта жазып шығатыны ащы шындық. Бір атаулы күнге, мерекеге қатыс­ты мақалалардың көбісі көшірме. Мысалы, Конституция күнін алсақ, «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керімен Ата Заңды сөзбе-сөз көшіріп жібере салады. Оның бір ғана бабын өз ойымен талдап жазса, шынайы материал шығар еді. Егер әркім білім-білігіне сай өз орнында отырса, мұндай кемшіліктер кетпес пе еді деген де ойға қаласың.
Жылды қорытындылай келе, биыл баспасөзге пікір білдіруде шығысқазақстандық судьялардың көш бастағанын байқадық. Одан кейінгі биіктен Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облысының қазылары көріне білді. Енді осы белсенді қауым баспасөзге жазылуда да бейжайлық танытпайды деп сенеміз.

Түймегүл ИБАШЕВА,
«Заң газеті»