Өткен жылдың халқымызға берген жақсылығы мен қиындығы аз болмады. Талай заңдар қабылданып, көптеген мәселелер ше­шіл­ді. Ал, 2016 жылы қандай мәселелердің шешілгенін қалар едіңіз? Қоғам қайраткерлерін толғандырған қандай түйткілдер бар?

Өмірзақ Айтбаев

Өмірзақ АЙТБАЕВ, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик: 
– Мені талай жылдан бері мемлекеттік тіл мәселесі мазалап келеді. Әлі де болса мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесі толықтай шешілмей отыр.Қазақ тілі өз биігіне көтеріліп, туы биіктен желбіресе екен деп тілеймін.
Ресми мекемелердің барлығы тек қазақ тілінде сөйлесіп, құжат­алмасулардың барлығы қазақ тілінде жүзеге асса деген де арман бар. Үлкен биік мінберлерден бастап, көшедегі жастардың тіліне шейін қазақ тілінде болса, менің көңілім жайланар еді. Екіншіден, ғалым ретінде қазақ ғылымы көтерілсе деймін. Ғылым саласының жетер жетістіктері биік болса деп тілеймін. Үшіншіден, ұлтымыздың басты құндылығы – Тәуелсіздік мерекесі өз дәрежесінде тойланғанын қалаймын. Әлі де болса Тәуелсіздік мерекесінің жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып кетіп жатқаны қынжылтады. Тәуелсіздіктің қаді­ріне жете алмай отырғандай боламыз. Келер жылы осы жоғарыда аталған мәселелердің бір қадам болса да шешілуіне жағдай жасасақ екен. Сонда алаң көңілім тынышталар еді.
Тіл мәселесінің жылдар бойы шешілмей келе жатқаны қынжылтады. Кез келген судья басқа тілді білмесе де, қазақ тілін жетік білуі керек. Сондықтан, судьяларды қызметке алар алдында мем­лекеттік тілде емтихан тапсыруды міндеттеу керек. Ал, қазақ тілін білмейтін судьялар үшін аудармашы жалдап, оларды тым еркелетудің қажеті жоқ. Қазір қоғамда тілге қатысты жалтақтық жетерлік. Мәсе­лен, «Мемлекеттік тілде жазылған өтінішке мемлекеттік тілде жауап берілуі керек» деп заңда жазылған. Әйтсе де, әлі күнге іс қағаздарының көбі орыс тілінде жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекеттік тіл құқығының бұзылғанына ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Сондықтан, ендігі жерде біз бар­лық саланы қазақ тіліне көшіру үшін әр нәрсені сылтаурата бермеуіміз керек. Ұлт мүддесі бәрінен жоғары. Тілге қатысты жауап­кершілікті күшейтіп, қатаң талап қоя білмесек, біз тіл мәселесін алдағы 20 жылда да шеше алмаймыз.

03-4_ec3c33f3

Жанұзақ ӘКІМ, экономист:
– Қазір еліміздегі дағдарыс, теңгенің құлдырауы халықты шошытып отыр. Жасыратыны жоқ, «экономикалық ахуал бұдан да қатты төмендейді» деген пікірден халық қорқып-ақ қалған.Сондықтан, келер жылы ең бірінші кезекте дағдарыстың алдын алу шаралары жүзеге асса екен деп тілеймін. Елбасымыздың өзі «Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды» деген пікір айтты ғой. Бізге дейін дағдарысты басынан өткізген елдердің тәжірибесіне сүйенсек те, оларды өз өндірістері дағдарыстан құтқарғанын, дағдарыстан тез шығып кетуге көмектескенін көреміз. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін «дайын асқа тік қасық болып», шикізатты сыртқа жіберіп, олардан өңделген өз шикізатымыздың өнімін сатып алып немесе жеміс-жидек, көкөніске дейін көрші елдікіне телміріп келдік. Соған орай, дағдарыс халқымызды жалқаулықтан арылтып, үнемшілдікке үйретсе деймін. 2016 жылы халқымыздың дағдарыстың тек жақсы жағын пайдаланып, кемшілікті жеңетін жылы болса екен деп тілеймін.
Теңгеміз мұнай бағасына тәуелділіктен арылып, құны аспандай түсіп, тұрақтанатын жыл болса екен. Жалпы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіреген ел рухани жұтаңдыққа мән бермейді. Сондықтан, 2016 жыл ең алдымен экономикалық тұрғыдан аяққа тұрып кететін, жаңа жұмыс орындары ашылатын, барлық экономикалық мәселелер шешілетін құтты жыл болуын тілеймін.

Сауалнаманы дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ