Икрам Адырбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:«Ел болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін кезең келді»

– Икрам Адырбекұлы, өтіп бара жатқан жылдың еліміздің ең жоғары заң шығарушы органы үшін сындарлы кезең болғаны белгілі. Парламент алдында Елбасының бес институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын заңнамамен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Бұл тапсырма қаншалықты атқарылды деп ойлайсыз?
– Тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2015 жыл еліміз үшін маңызды кезең болды. Өйткені, бұл уақытта әлемде біздің мемлекетіміздің әлеуетіне салмақ салған әртүрлі сипаттағы саяси-эко­номикалық уақиғалар белең алды. Әсіресе, негізгі энергетикалық ресурстардың, металдардың, тіпті, алтынның бағасының төмен түсіп кетуі дамушы елдердің экономикасын тығырыққа тіреген жайы бар. Мұнай өндіретін мемлекеттердің қара алтынның көлемін экспорттауға еш шектеу қоймауы Қазақстан үшін қиынға түсіп отыр. Бұл нарыққа қырық жыл бойы шықпай келген Америка, Иран мұнайына жол ашылғалы жалпы табысы қара алтынға тәуелді барлық елдер үшін күрделі жағдай қалыптасты. Сын сәтті алдын ала болжай білген Мемлекет басшысы еліміздің тек экономикасының қарқынын ғана сақтап қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын тиісті деңгейде қамтамасыз етіп, одан әрі дамуға негіз жасаудың басым бағыттарын айқындады. Жуырдағы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында да қалыптасып отырған күрделі мәселелерге терең талдау жасай келе, дағдарысты кезең қиындық қана емес, өркендеудің тың мүмкіндіктерін алып келетіндігін айтып, идея, бастама және жоспарларымен бөлісті, талап пен тілегін қоғамға жеткізді. Олардың бәрі Елбасының бес институционалды реформасы бойынша айқындалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрініс тапты. Заң шығарушы органның алдына осы Ұлт жоспарын келер жылдың қаңтар айынан бастап іске асырудың құқықтық негізін толық жасау міндеті қойылды. Парламент депутаттары бұл маңызды тапсырманы орындауға биыл­ғы сессия басталысымен кірісіп, осы жылдың 19 қарашасында толықтай аяқтап, 59 заңды жан-жақты талқылап, қабылдады. Оның ішінде төртеуі – конституциялық заң, үшеуі – кодекс, он төрті – дербес заң және отыз сегізі – қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуді көздейтін құжаттар. Қабылданған барлық заңның он екісі депутаттардың бастамашылығымен дайындалды.
Айта кету керек, заң жобаларын қарау үрдісінде олардың сапасына айрықша назар аударылып, осы тұрғыда ауқымды жұмыс жүргізілді. Әсіресе, жұмыс топтары мен тұрақты комитеттерде жаңа құжаттар терең талқылаудан өтті. Оларға әртүрлі мемлекеттік органдардағы заң жобасын әзірлеушілерден басқа, Ұлттық кәсіпкерлік палата өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері белсенді түрде қатысып, өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын қосуға жағдай жасалды. Осы талқылау барысында Мәжіліс қабылдаған жеті заң жобасына толықтыру енгізу қажеттілігі туды. Сондықтан, олар төменгі Палатаға қайтарылып, ондағы әріптестеріміз біздің түзетулерімізді қабылдады. Демек, қанша қысқа мерзімде қаралса да бұл заң жобаларының сапасы тиісті талаптарға сай болды, олар ел Президенті қойып отырған маңызды міндеттерді дәйекті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады.
– Қиын кезеңде қабылданған бұл заңдарға халықтың артып отырған үміті айрықша. Олардың орындалуы алдағы дағдарыстың елге салмақ салмай, керісінше, жаңа мүмкіндіктерді игеруге жол ашарына сенім бар. Бірақ, бұл әрине, елге қызмет көрсетудің қиын да жауапты аманатын арқалаған заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратсыз мүмкін емес. «Жүз нақты қадамда» осы міндетті жүзеге асыруға он бес қадам арналыпты. Соның ішінде мемлекеттік қызметке орналасудың жүйесіне, оның тиімділігін арттыруға қатыс­ты өзгерістер бар. Бұл қаншалықты тиімді?
– Замануи, кәсіби және мемлекеттік аппаратты қалыптасты­ру бағытына байланысты төрт заң жобасы қабылданды. Оларда мемлекеттік қызметкерлердің ойында жүрген мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, сапасын көтеру, меритократия қағидатын енгізіп, дамытуға қатысты мәселелер барынша қамтылды. Байқап жүргеніміздей, мемлекеттік қызметкердің жұмыс жүктемесі өте жоғары, олар уақытпен санас­пай, таңертеңнен кешке дейін, қажет болса, түн ортасы ауғанша қызметте болады. Әрине, бұл мемлекеттік қызметкердің денсаулығына, отбасындағы жағдайына, көңіл-күйіне, бала тәрбиесімен айналысуына кері әсер етеді. Үйінде қолайлы ахуал жоқ, отбасы мүшелеріне дұрыс көңіл бөле алмаған жанның жұмысқа ынтасы, еңбегінің өнімділігі де ойдағыдай болмайды. Осы факторлар ескеріліп, арнайы заң негізінде мемлекеттік қызметкердің жұмыс уақытын шектеу, оған қосымша ақы төлеп, демалыс беру мәселесі көзделді.
Жаңа заңнамалар негізінде шешілген тағы бір мәселе, командалық ауыс-түйіске қойылған тосқауыл. Бізде қандай да бір облыстың немесе министрліктің басшысы ауысатын болса, біраз қызметкерді өзімен бірге жаңа қызмет орнына ала барады. Бір-бірімен сырмінез болып қалғандықтан, олардың жұмысы жақсы жолға қойылуы мүкін. Алайда, мұның басқа қызметкерлердің мүддесіне кері әсері бар. Заң жүзінде айқындалған талап бойынша осы үрдіске шектеу қойылды. Енді саяси қызметкер жаңа қызметке ауысса, оған ол тек өзінің кеңесшісін, көмекшісі және баспасөз хатшысын ғана алып келе алады. Мұны өз басым дұрыс шешім деп ойлаймын. Дегенмен, басшылардың осы көмекшілері мен кеңесшілеріне қатысты мәселе алдағы уақытта қайта қаралуы қажет деген пікірдемін. Көптеген талантты жастар ұзақ уақыт, яғни, он-он бес жыл қатарынан осындай қызметте жүреді. Алдарында үлкен мақсаттары бар, оған жетуге біліктілігі, мүмкіндігі жететін, үлкен тәжірибеден өткен мұндай кадрлардың бұлайша шектеліп қалуы дұрыс емес. Сондықтан, алдағы уақытта олардың лауазымды қызметтерде өз тәжірибелерін пайдалануы үшін көмекші, кеңесшілік қызметтің мерзіміне заңнамалық түрде шектеу енгізген дұрыс болар.
Негізі, бұл бір жағынан этикалық мәселе. Расында, басшылар өз көмекшісін күрделі жұмысқа үйретіп, тәрбиелегеннен кейін басқа жауапты қызметтерге жіберуі керек-ақ. Ал, жалпы қабылданған заңнамалар негізінде меритократия қағидатын жүзеге асыру жолдары барынша қамтылды. Мәселен, бұған дейін министрлікте істейтін қызметкерлердің өсуі жеке адамның көзқарасына сай жүзеге асып келген болса, жаңа талап бойынша бұл үрдіс ішкі конкурстың есебінен төменнен жоғары қарай жүретін болады. Айталық, белгілі бір министрліктегі қызметтен бір орын босаса, оған сол құзырлы орында ішкі конкурс өтеді. Онда қызметкерлердің бірі лайық болса, сол, егер олардан үміткер табылмаса, басқа мемлекеттік органдардан, бұлардан ешкім шықпаса, сыртта өтетін жалпы конкурс бойынша таңдалған кадр қызметке алынады. Бірақ, бірінші рет мемлекеттік қызметке келген жас маман тест тапсырып, қызметке кіргеннен кейін үш айлық сынақтан өтеді. Бұл сынақтың қорытындысы бойынша шешім қабылдау ертерек болса, ол тағы үш айға созылып, содан лайықты деп танылғандар ғана мемлекеттік қызметке қабылданады. Осылайша, меритократия теория жүзінде қалмай, тәжірибеде қолданылатын болады. Бұл жүйе мемлекеттік қызметке шын мәнінде лайықтылардың келіп, олардың өз болашағына деген зор сеніммен, адал да алаңсыз қызмет етуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Қазіргі экономика­дағы дағ­да­рысты жағ­дай мемлекеттік қызметкерлер­ге жүктелетін міндетті, тү­сетін салмақты арттыра түсуде. Бұл олардан бұрынғыдан да бетер креативті, ұт­қыр, білікті болуды қажет етеді. «Сананы тұрмыс билейді» демекші, осы ретте олардың әлеуметтік мәселелерінің оң шешім табуы, яғни, жоғары жалақы, жақсы қызмет еткені үшін түрлі бонустар төлеу қарастырылса, тіпті орынды болар еді. Алдағы уақытта мәселенің осы қыры ескеріліп, тиісті шешім қабылданады деп үміттенемін.
– Сол секілді, реформаның бір басымдығы индустрияландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсімге бағытталған. Жасыратыны жоқ, еліміздің экономикасында бүгінгі жағдай аталмыш мәселелердің өзектілігінен туындап отыр. Биыл үдемелі инновациялық-индустрияландырудың екінші кезеңіне көштік. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға бөлініп жатқан қаржы аз емес. Алайда, бүгінде отандық өнім, әртараптанған экономика жайлы ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоққа тән десек артық айтқандық емес. Сіздіңше, мұның себебі неде?
– Ұлт жоспарында ел экономикасына түбегейлі құрылымдық реформалар кешенін жүргізуге байланысты елу қадам қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар стратегиялық инвесторларды, соның ішінде, қайта өңдеу саласына аз дегенде он трансұлттық компанияны тартуды көздейді. Сонымен қатар, туристік кластер құру, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, энергияны үнемдеу, оның сервистік салаларын жолға қою, ауыл шаруашылығын өркендету басым бағыттар ретінде айқындалды.
Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруға кірістік. Алайда, осы шарадан үлкен нәтиже күту әлі ертерек. Себебі, бұл ұзақ уақытты, үлкен инвестицияны, озық технологияны, жалпы, нарықты болжай білуді, өндірілген өнімді сатудың тиімді әдістерін игеруді қажет ететін өте ауқымды жоба.
Қазақстан кішкентай мемлекет емес, жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды алып жатқан алып ел. Үлкен жердің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту көп қаржылық шы­ғынды қажет етеді. Ал, зауыт салсақ, оның өнімін өндіргеннен гөрі, тасымалы қымбат, өйткені, Қазақстан алыс жатқандықтан теңізге шыға алмаймыз. Былайша айтқанда, шығарған өнімдеріміздің өзіндік құны біріншіден жоғары, екіншіден оны дүниежүзілік нарыққа жеткізудің шығыны көп. Осының бәрі біздегі өндірістің дамуына, қайта өңдеу саласының төрт аяғынан тең тұруына кедергі келтіріп отыр. Еуразиялық Экономикалық Одақ­қа біріккенде көздеген мақсат – өнімдеріміз үшін кең көлемді ұсы­нысқа қол жеткізу еді. Жуырда ғана Президентіміз Мәскеуде өткен мемлекет басшыларының алқалы жиынында Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымына кіретін мемлекеттердің арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде мәселе көтерді. Бұл шынында да өте қажет шара. Себебі, қасымызда біз үшін үлкен сауда алаңы болатын бір жарым млрд халқы бар Қытай тұр. Алайда, оған бүгінде біз өнімдерімізді экспорттай алмай отырмыз. Бұған Қытайдың өздерінің ішкі рыногын қорғау, кәсіпкерлерін қолдауға қатысты ұстанып отырған саясаты кедергі. Сондықтан, онымен ортақ еркін сауда аймағына кіру жөніндегі мәмілеге келу қажет. Міне, осындай жолмен солтүстікте Ресей, оңтүстікте Қытай нарығына шықсақ, Қазақстан үшін өнім өткізу мәселесі өздігінен шешімін табар еді. Бұл өз кезегінде, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыратын фактор болады.
Жалпы, дүниежүзінде Қазақстан ең тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан толерантты мемлекет деген ұғым қалыптасқан. Сонымен қатар, үлкен жетістігіміз – инвесторлар үшін жасалып отыр­ған қолайлы ахуал. Арнайы қабылданған заң негізінде өндіріске инвесторлар жиырма миллион доллардан астам қаржы құйған инвестордың мүлік, жер салықтарына он жылға дейін жеңілдік беріледі, жобалық қуатқа жеткен соң салған қаржысының отыз пайызы қайтарылады. Мұндай заң ешқандай елде жоқ. Осының бәрі еліміздегі екінші кезеңі басталған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының тиімді жүзеге асуына жол ашады деген үміттеміз.
– Дегенмен, әр деңгейдегі сарапшылар экономикаға салынған шетелдік инвестицияны өзге жұрттың елді мылтықсыз жаулап алуының кепілдігі ретінде пайымдайды. Инвесторларға осынша деңгейде жағдай жасап, жайылып төсек, иіліп жастық бола беретініміз қауіпті емес пе? Біз секілді мұнайға бай елдер өзі тұрмақ, өзгені жарылқап отыр. Ал, Қазақстан мол байлығымен әлі де өзгеге алақан жаюдан арыла алмай келеді.
– Өткенде Елбасы өзінің жол­дауында еліміздегі олигархтарға арнап біраз сөз айтқанын естідіңіздер. Қалталы азаматтарды сырттағы қаржыларын елге әкеліп, отандық өндіріске инвес­тиция салуға шақырып, оларға бұл ретте барлық құқықтық шаралардың қамтамасыз етілетінін, қорғау, қолдау жасалатынын жеткізді. Мәселе өзімізде болып тұр. Біз мемлекет үшін, оның болашағы үшін жауапкершілікті сезініп, Қазақстанмен бүгініміз, ертеңіміз, болашағымызды байланыстырудың өзіміз үшін, ұрпақ үшін маңызын ұғуымыз керек. Естуімше, еліміздің біршама жауапты қызмет атқаратын азаматтары тапқан дүниелерін сыртқа әкетіп, шетелде балаларын оқытып қана қоймай, сол жақта отбасылары тұрып жатыр. Мұндағы мақсат не? Түптің түбінде елден кетіп, өзге мемлекетте өмір сүру ме? Атамекен, Ел, Жер, Отан деген қастерлі ұғымның олар үшін маңызы кеткен бе? Бұл қауіпті үрдіс. Бұл тұрғыда еліміздің зиялы азаматтары өз ойлары мен ықпалдарын пайдаланып, арнайы жұмыстар жүргізуі аса маңызды.
Айта кету керек, өз табысымен отандық өндірістерді дамытып жатқан қазақстандық азамат­тар әр салада баршылық. Сол секілді, тек мемлекет берсе, маған жағ­дай жасаса деген түсінікпен күн кешетіндер аз болмай отыр. Бізде азаматтардың ауқатты болуына еш кедергі жоқ. Өйткені, әр қазақ бай болса, ол мемлекеттің байлығы, тұрақтылығы. Әрбір отбасы бай болса, мемлекетке салмақ салмай, керісінше, мемлекетке көмектесіп, оның гүлденуіне жағдай жасар еді. Барлығы тәрбиеге байланысты. Бұл отбасы, балабақша, мектеп, тұтас қоғам жүргізуге тиіс шара. Адамның бойында елдің болашағына деген жауапкершілікті қалыптастырмай, отаншылдық сезімді сіңірмей, ешбір заң, қатаң жазамен сыртқа кету пиғылын тыя алмаймыз.
– Экономикалық интеграциялық ұйымдарға қатысты пікіріңізге орай бір сауал туындайды. Еуразиялық Экономикалық Одаққа байланысты қоғам­да үрей бар. Ол бәрімізге мәлім. Соңғы кезде осы интеграциялық байланыс аясында теңгеден бас тарту мүмкіндігі жайлы әңгімелер отқа май құя түскендей болды. Әсіресе, «девальвацияны тек ортақ валютаны енгізіп қана еңсере аламыз» деп Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілі жасаған мәлімдеме ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Мұның астарында не бар? Жалпы, теңгеміздің тағдыры қандай болмақ?
– Өзбектерде «әр кәлләда бір қиял» деген мақал бар. Әркім өз пайымы, өресі деңгейінде пікір айтып, мәлімдеме жасауына толық қақылы. Алайда, бұл оның бәрі орындалып, іс жүзіне аса береді деген сөз емес. Біздің теңгеміз – ұлттық құндылығымыз. Егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі. Рас, уақытында Ресейдің кейбір саясаткерлері мен бірқатар жоғары лауазымды өкілдері ортақ валюта жөнінде мәселе көтеріп, өз пікірлерін өткізгісі келген. Алайда, біздің мемлекет басшысының, үкімет мүшелерінің бұған қатысты ұстанған өте қатаң позициясын ескере келіп, олар райынан қайтқан. Мүмкін біздің ішімізде бұл мәселені көтергісі келіп, сол арқылы ұпай жинағысы келіп жүргендер бар болар. Бірақ, бүгінгі күн тәртібінде ондай мәселе жоқ. Ал, алдағы жиырма-отыз жылдағы жағдайды болжау өте қиын. Өйткені, жаһандану кезінде дүниежүзі тез өзгеріп, қоғамдық қарым-қатынастар, құндылықтар жүйесі жаңа мазмұнға ие болып жатыр. Егер бір күндері біздің мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді ұлықтау жолында терең интеграциялану қажеттігі туатын болса, сол кездегі буын уақыттың талабына орай шешімді өздері қабылдар. Әр кезеңнің өз ережесі, заңдылығы бар. Әзірге бізге ортақ валютаны қабылдау қажеттігі туындап тұрған жоқ. Бұл мәселе біз үшін өзекті емес.
– Жылына бірнеше рет нақ­тыланатын бюджетте үне­мі игерілмеген қаржы мәселесі алдан шығады. Сол секілді, еліміздің сырттан алатын қарызының көлемі артып барады. Бес институционалды реформада айқындалған бір бағыт транспарентті және есеп беретін мемлекет құрудың маңыз­дылығы осындай мәселелердің қордалануынан туындап отыр­ғаны белгілі. Бұл шара қалай жүзеге асуы керек?
– Қазақстанның сыртқы қарызының жиырма пайызы ғана мемлекеттің берешегі. Ал, қалған сексен пайызы кәсіпорындар мен компаниялардың алған қаржысы. Оның ішінде көптеген бизнес құрылымдарының да қарызы бар. Олар өз берешегі үшін өздері жауап береді. Яғни, өздері төлеп құтылуы керек, олай етпесе, ұйымдары банкрот болып жабылады. Бұл заң жүзінде айқындалған мәселе. Шын мәнінде, осындай жағдайлардың қалыптасуы, сонымен қатар, бюджет қаржысына қатысты туындап отырған мәселелер өз кезегінде экономикада, қаржы және бюджет, жалпы тұтас қоғам өмірінде толық ашықтықтың, жария­лылықтың болмауының салдары. Сондықтан, осы олқылықты жою Елбасының бес институционалды реформасының бір бағыты болып айқындалды. Бұл шараларды жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Ақпараттық қолжетімділік туралы» заңдар қабылданды. Бірінші заң бойынша қоғамдағы маңызды мәселелер бойынша азаматтардың пікірін біліп, олардың кеңестері мен ұсыныстарына құлақ асып отыру мақсат етілді. Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдер жанынан қоғамдық кеңестер құрылып, олар кеңесші, қадағалаушы ұйым ретінде жұмыс істейтін тетік бекітілді. Ал, екінші заң бойынша еліміздің әрбір азаматының тыйым салынбаған кез келген ақпаратты еркін алу, тарату құқығы бекітілді. Электронды үкіметтің веб-порталы құрылмақ. Осының бәрі қоғамдағы ашықтыққа, жариялылыққа ықпал етіп, бюджет қаржысына тұрақты бақылаудың жасалуына жол ашатын болады деген ойдамыз.
– Жаңа жылдың табалдырығында тұрмыз. Осы сәтті қарсы алуда дайындығымыз қа­шан да ерекше болады. Екі ай бұрын шыршалар құрылып, мұз қалашықтары салына бастайды. Астанада салынған сондай «шаһарымыз» еріп кетіп, біраз әуреге салды. Халық үшін маңызды мәселелерге келгенде тапшылыққа айналатын қаражат осындай шараларға келгенде табылып жатады. «Орыстың жаңа жылы тә­уелсіздікті өз көлеңкесінде қалдырып келеді» деген наразылықтар аз айтылмайды қоғамда. Бұған не дейсіз? Өзіңіз жаңа жылды қайда, қалай қарсы аласыз?
– Жалпы, мен қалыптасқан дәстүрді сыйлайтын адаммын. Біз қатарлы адамдардың болмысы осылай болар. Негізі, әр отбасының өзінің тарихы, дәстүрі бар, оны бұзу қиын. Өйткені, бұл қабылданған дәстүр отбасы мүшелеріне қуаныш әкеледі. Мысалы, менің немерелерім жаңа жылда атамыздың үйіне жиналамыз, одан сыйлық аламыз деп асыға күтіп жүр. Бұған қалай жоқ дей аласың. Жалпы, баланың әлемі бөлек қой. Үлкендерді алаңдатын инфляция, дағдарыс деген мәселелер олардың ойына де кірмейді. Балалар үшін бәрі ертегідей болуы керек. Жыл сайын қала көшелерінде құрылатын шыршалар, ертегілер қалашығы біздің осы жеткіншектеріміздің тілегі, арманы. Уақыт қиын, ақша тапшы деп балаларды осы қызық-қуанышынан, балалық шақтың ұмытылмас кезендерінен айыруға қарсымын.
Халықтың маңызды мәселелеріне қаржы табылмай жатыр дегенді де құптай алмаймын. Керісінше, бізде қандай қиын кезеңде болмасын халықты әлеуметтік қолдау шаралары алдыңғы кезекте тұрады. Мысалы, Қытай елінде мұндай жағдай жоқ. Онда бірінші орында мемлекеттің мүддесі қойылған, соған қатысты шешімдер алдымен орындалады. Ондағы әр қытай өз күнін өзі көруге тырысып, мемлекетті байытуға қызмет етеді. Олардағы үстемдік ететін ұғым мемлекет бай болса, халық та бай болады. Ойланатын мәселе. Сондықтан, біз халық мүддесі үшін жасалып жатқан игілікті істерді бағалап, қорғай білуіміз қажет. Келер жыл расында оңай болмайды. Дегенмен «бір жаманның бір жақсысы бар» дегендей, бұл да халықтың бірлігіне, төзіміне, мүмкіндігіне деген сынақ. Осы сәтті ынтымағымызға сызат түсірмей, жаңашыл идея, еселі еңбекпен еңсерейік. Жаңа жыл барша отандастарымызға тек қуаныш, бақыт әкелсін!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»