Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бетпе-бет келген экономикалық тоқыраудың соңы діни дағдарысқа соқтырғанын кейінгі жылдар дәлелдеп берді. Тоқсаныншы жылдардың басында оң-солымызды онша тани алмай, етек-жеңімізді жинай алмай жатқанда миссионерлер елімізге емін-еркін еніп алды. Қиын шақта көмек қолын созған болып көрінгендер қыруар ақшаларымен бірге «апиындарын» ала келді. Әртүрлі сенімнің өкілдері қаптады. Кришнаиттер, иегово куәгерлері, саентологтар, тағысын тағылар. Олар шіркеулерін салды, жорал­ғыларын өткізді, көшеде ашықтан ашық кітапшаларын таратты. Қаракөздердің есебі­нен қатарларын көбейтуге тырысты. Өйткені, олар 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бос­тан­дығы және діни бірлестіктер туралы» заңның солқылдақ тұстарын тиімді пайдаланды. 

Кейіннен, 2011 жылы ол заң қайта қабылданды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң болып атауына да өзгеріс енді. Қоғамда қа­лып­тасқан ахуалды ескере келе талабы да қатайды. Діни бірлестіктер қатаң сынақтан өткізіліп, қайта тір­келді. Сонда көбі әшкере болып, қайта тір­кеу­ден өтпей қалды. Әрине, ұлтты іштей ірітіп-шірітуді мақсат еткен ұйымдардың саны біреуге азайса да олжа. Солайша, діни сенімімізге селкеу түсірмек ниетпен келген сектанттардың бетін бір қайтарғандай болғанбыз.
Сөйтсек, іс онымен бітпепті. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, сектанттарды қойшы, мүлдем жат сенімнің сойылын соққандар. Сол тұста енді өзіміздің ислам дінінің атын жамыл­ғандар ши шығарды. Бағзы замандағы бабасынан келе жатқан дәстүрлі исламды ұстанған ұлтымыз ұғымға симайтын терминдерді ести бастады. Ра­дикалды ислам, діни экстремистер, уаһабшылар, салафидтер, осылай кете береді.
Исі мұсылманның қасиетті діні Исламның өзі­нен түрлі ағымдарды суыртпақтап шығарып, ха­лықты дәстүрлі ұстанымынан жаңылдыруға көш­ті. Келіннің үлкенге сәлем салуы секілді қазақ­қа тән дүниелерді «шірік, Аллаға серік қосу» деп теріс­тегендерді де естідік. Сақалы бар, мұрты жоқ, келте балақтыларды көшеден көру, күнделікті үй­реншік­ті көрініске айналды. Соңында үйреншікті көрініс үрейлі жайттарға ұласты. Олай дейтініміз, діни экстремистер деген дүлей шығып, еліміздің әр аймағында қарудың даусымен жұртқа қорқыныш ұялатқанын білеміз. Атырауда жарылыс жасамақ болғандар, Ақтөбеде, Таразда, Алматыда құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қарулы қақтығысқа түскендер сөзіміздің айғағы. Соқыр сенімнің соңында оққа ұшып опат болғандары қаншама. Сирияға жиһадқа аттанғандары ше… Бір сөзбен айтқанда, тілі, түрі, діні бөлек алдыңғы сектанттардан ортақ діннің тонын теріс айналдырып жамылған кейінгілері әлдеқайда қауіп төндіргендей әсер қалдырды. «Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озадының» кері.
Шыны керек, сол тұста дәстүрлі діннің өкілдеріне, имамдарға, соның бәріне бас-көз болып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сын айтыла бастады. Сақалдысы бар, басқасы бар, радикалды ағымдардың жетегіне ергендердің дені ауыл жастары еді. Ал, ауыл имамдары жаназа аңдудан аспады. Сонда айтылған сынның бірі – осы. Мұны да түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Себебі, қазақтың болмысымен, танымымен, ежелден келе жатқан сенімдерімен біте қабысқан, ортақ жарасым тапқан дәстүрлі исламның насихаты жеткілікті деңгейде жүрмеді. Әрине, «дін мемлекеттен бөлек» деген ұстаным басқарманың жер-жерде белсенді жұмыс жасап, уағыз жүргізуіне белгілі бір деңгейде кедергі болған да шығар. Оған «кім қандай сенімді таңдаса да өз еркі» деген көзсіздігімізді қосыңыз. Соңғы жағдайлар көзімізді ашпағанда, кім біледі…
Иә, қанша жерден қолымызды мезгілінен кеш сермедік десек те, қателіктен сабақ алған, олқылықтың орнын толтырғанның айыбы жоқ. Дінді өзінен бөлек санайтын мемлекетіміз қоғамдық ұйым саналатын діни басқарманың қолымен кем-кетігін түзеп, етек-жеңін жаба бастады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы бірер жылда дәстүрлі исламның уағызын, насихатын қайта қолға алды. Хақ жолынан тайғандарды тура жолға қайтару, экстремистік пиғылдағыларды райынан қайтару да мүфтияттың мойнына міндет болып артылды. Әрине, мемлекет мұны қандай да бір заңдық күші бар құжатпен міндеттеген жоқ. Сондықтан, бұл мүфтият үшін жазылмаған парыз іспетті еді деп түсінген жөн шығар.
Таяуда аймақ имамдары бас мүфтиге жыл бойы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы атқарған шараларын бір түгендеді. Сондағы келтірілген деректердің өзі-ақ көп жайды аңғартады. Соның бір парасына тоқтала кетсек.
2015 жылы еліміз бойынша радикалды ағымдардың 802 өкілі дәстүрлі исламға қайта бет бұрған. Жат түсінікке арбалғандардың көбі жастар екенін діни басқарма өкілдері де растап отыр. Араларында 30-40 жастағылар да бар екен. Мұны аймақ бас имамдарының бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен есепті кездесуінде Серікбай қажы Ораз айтты. «2015 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде теріс ағымдардың белсенді мүшесі болған 802 адам ол ойларынан кері қайтты. Ақырында дәстүрлі мұсылман болып қатарымызға қосылды. Біз әрбірімен жеке жұмыс жасаймыз. Сондықтан да, сөзінен, дұға етуінен, басқа да белгілерінен олардың деструктивті ағымдардың өкілі екенін білеміз. Бізге бірлесіп және әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеуге тура келді», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Серікбай қажы.
Жалпы, басқарманың ұйытқы болуымен имамдар төрт бағытта: яғни, түсіндіру-насихат, қайырымдылық шаралары, радикалдармен күрес және мешіттерде діни сауат­тылықты көтеру курстарының қызметін жандандыру бағыттарында жұмыс атқарғанын айта кету керек. Мәселен, «Құран оқу» байқауы, діни сауаттылық курсы, пікірталас, рухани кештер секілді жастардың қатысуымен 301 шара өткізген. 128 мың жастың қатысуымен 315 акция ұйымдастырылып, дәстүрлі исламды уағыздау, насихаттау жұмыстары 423 мың адамды қамтыған.
Діни басқарма адасқандардың қайтып үйірін табуына септігін тигізуді де ұмытпапты. Меңзеп отырғанымыз, теріс әрекеті немесе пиғылы үшін түрмеге тоғытылғандар. Экстремистік-террористік ойлардың таралуына тосқауыл қоюды діттеген діни басқарма имамдардың арнайы құрамын жасап, олар түзеу колонияларында экстремистік әрекеттері үшін жазасын өтеп жатқандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қазақы тілмен айтқанда, сөйлескен, әңгімелескен, қателіктерін беттеріне баспай, сыналап жеткізе отырып райларынан қайтаруға тырысқан. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы экстремистік және террористік әрекеттері үшін ел колонияларында 400 адам жазасын өтеп жатыр деген дерек келтірді. Соның 150-ге жуығы радикалды көзқарастарынан бас тартпай отырған көрінеді. Бұл да мүфтияттың мәліметі. «Е-е, көбі қайтып, азы қалған екен» дедік мұны естіп.
Иә, әу баста мемлекет мүлт кетіп һәм мүфтият мүлгімегенде мұнша адасу, қан төгу (арнайы операция кезінде талайының талқаны таусылды емес пе), жиһадшылап шетел асу болмас еді деп сөге жамандау оңай. Сектанттарға немесе сақалдыларға солар рухани әлсіздігінен ерді ме, әлде әлеу­меттік жағдай мәжбүрледі ме, мұны тап басып айту тағы қиын. Алайда, екеуінен де еншілеген себептері жоқ емес.
Қанша жерден демократиялық, құ­қық­тық, зайырлы мемлекетпіз дегенді көп айтсақ та, діни сенім қоғамның ең бір нәзік тұсы. Сол ұрымтал тұсымызды ұтымды пайдаланғандар дінді, расында, апиынға айналдырды. Соңғы әрекеттің бәрі сол апиыннан уланған сананы залалсыздандыру, тазарту. Ауырған жанға ем іздеу. «Ештен кеш жақсы» дегенді ескерсек, бұл да құптарлық.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»