Соңғы кездері елімізде әлеуметтік желінің құрбандары көбейіп бара жатыр. Жасөспірімдер әлеуметтік желі арқылы танысқан, сырын біл­мей­тін алаяқтарға еріп, үйінен қашып кетіп жатса, енді біреулер қа­уіп­ті сайт­тардың ықпалымен суицидке ұрынуда. Жақында ұрылардың өз құр­бан­дарын әлеуметтік желілерден табатыны туралы да ақпарат тарады. Әлеу­меттік желінің қауіптілігін қайтсек азайтамыз? Әлеуметтік желіге шек­теу қою мүмкін бе?

Серикказы

Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:

– Бәріне әлеуметтік желі қолданушыларының өздері кінәлі.«Ұйқыдан мына уақытта тұрдым, балам мына балабақшаға барады, мына уақытта қайтады, мына қоғамдық көлікке мінеді, балабақшасы мынандай мекенжайда орналасқан» деп суретіне дейін салады немесе «мынандай нәрсе сатып алдым, үй-жайым мынандай, біз тұратын жерде мынандай нәрселер бар» деп бар ақпаратты өздері әлеуметтік желіге тықпалайды.

Сосын «баламды ұрлап кетті» немесе «әлеуметтік желінің құрбаны болдым» деп байбалам салады. Кім кінәлі? Әрине, ең алдымен өзі кінәлі. Жақында ұрылардың өз құрбандарын әлеуметтік желі арқылы тауып жатқаны туралы ақпарат тарады. Расында да, ұрыларға бар ақпаратты өзіміз салып беріп отырмыз. Яғни, әлеуметтік желіні қолданудың мәдение­тін білмейміз. Түк көрмегендей ішкен жегенімізге шейін саламыз. Әлеуметтік желіде мақтанғысы келетіндер де көп. Кейбір арандатушы топтарға тіркеліп, өзгелерге ықпал етеді. Солардың сөзіне еріп өз-өзіне қол жұмсап жатқандар да көп. Әлеуметтік желіге тіркеліп алып, соның ықпалынан шыға алмай, виртуал­ды әлемде өмір сүріп, ең соңында қайғылы жағдайға ұшырап жатқандар да бар. Ондай адамдарды әлеуметтік желі арқылы басқару да оңай. Өзім де желінің құрбанына айналған балалардың оқиғасына бірнеше рет куә болдым. Онлайн ойындар ойнап, ертелі-кеш компьютер алдынан шықпайтын балалар қауіпті әлеуметтік желілердің ықпалымен ең соңында суицидке ұшырап жатыр. Бұл өте сұмдық жағдай.
Жалпы, ғаламторды бұғаулап ұстау қиын. Интернетте шекара жоқ. Оның жаман жағы да, жақсы жағы да бар. Тек соны өз орнымен қолдана білу керек. Бір сайтты жабарсың, екі сайтты жабарсың, қауіпті деп танылған ондаған сайт жабылар. Бірақ, сәйкесінше келесі біреулері пайда болып жатады. Ғаламтор арқылы Жапонияның, АҚШ-тың сайттарын тауып алуға болады. Ал, олардың ғаламторға не жариялап жатқанын қайдан білесің. Олардың бәрін бірдей қадағалап отыру мүмкін емес. Мәселен, Қытайда ғаламторды қадағалап отыратын бес мыңдай адам бар екен. Қандай да бір мемлекетке, ұлтқа, адамдарға қауіпті деп танылған сайттар дереу өшіріліп отырады. Мерекелерде 40 000-дай адам ғаламторды бақылап отырады. Ал, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Біздегі бақылау 1 пайызға да жетпейді. Үйдегі балалардың ғаламторда отыру уақытын, қарайтын сайттарын шектеу керек. Ата-аналар тарапынан бақылау жоғары болғаны жөн.

 

Маргарита Оскембаева чб

Маргарита ӨСКЕМБАЕВА, «Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының президенті, психолог:

– Әлеуметтік желінің пайдалы да, зиянды да жақтары да бар. Өкінішке қарай, интернет мүмкіндігін қолдану мәдениетін білмегендіктен, он­дағы ақпараттарды саралай алмауы­мыздың салдарынан әлеуметтік желі құрбандарының саны артып бара жатқаны рас.
Ғаламтор белгілі бір дәрежеде бұғау­лауды қажет етеді. Өйткені, жасөспірімдердің санасына кері әсер ететін дүниелер бар. Мәселен, сексуалды сипаттағы, эротикалық дүниелерді, зорлық-зомбылықты, суицидті насихаттайтын сайттарды балалардың назарынан мүлдем алып тастауымыз керек. Қазір компьютерде отырмайтын бала жоқ. Кейбір мектептен берілетін тапсырмаларға орай олар ғаламторға кіреді. Ал, ғаламторда біз айтып отырған тыйым салынған дүние­лер өте көп. Сондықтан, бұған мемлекеттік тұрғыдан шектеу қажет. Сондай-ақ, қазір ғаламтор арқылы теріс ағымдарға діни үгіт-насихат жүргізетіндер де бар. Виртуалды өмірге байланған адамдар ондайлардың ықпалына тез түседі. Олай болса, қайткен күнде де бақылауды күшейту керек. Ата-аналар да балаларының ғаламторға отырған уақытында оның қандай сайттарға кіргенін қатаң бақылауы керек. Бала түгіл, үлкендерге де кері әсерін тигізіп жатқан ғаламтордан ең бірінші әлсіз топты сақтау маңызды.
Мәселен, былтыр педофилдің құрбаны болған жасөспірімдер әлеуметтік желі арқылы танысқан. Оларды әдемі сөзімен баураған ер адам өз мақсатына пайдаланбақшы болған. «Ақшаны көп тапқың келе ме?» деп адамдарды түрлі алаяқтық жұмыстарға итермелейтіндер де әлеуметтік желілерді торуылдайды. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желілерден қауіп көп. Сондықтан, абай болуымыз керек.

Сауалнаманы дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ