Қой жылы ғасыр тарихының табалдырығынан аттағалы талай өзгеріс алып келді. Қаржылық дағдарыс, Сириядағы соғыс, Еуропа елдерінің Ресейге жасаған темірдей санкциялары әлемдегі онсыз да таразы басында қалтылдап тұрған жағдайды тіптен күрделендіріп жіберді. Түркия мен Ресей арасындағы жағдай асқынып тұрған ахуалға май құйып, әлемдегі шиеленісті мүлдем ширықтырып отыр. 

Әңгіме дүниені дүрліктіріп отырған саясаткерлердің ойынында емес, атылған мылтық пен жарылған бомбаның, жалақтаған аштық­тың көптеген адамдарды кіндік қаны тамған атақоныстарынан ауа көштіріп, бостырып жібергендігінде болып отыр. Қазір кейбір Еуропа мемлекеттері шекараларын тас қорғанға айналдырып, елдеріне шетелдік азаматтарды аттатпауға тас-түйін бекініп, қатал шараларға баруда. Соған қарамастан, үстіміздегі жылдың 10 айында ғана Еуропа елдерінің шекарасын 1,2 миллионға жуық адам бұзып өткен.
Былайша айтқанда, әлемдегі жайма-шуақ
жағдай ырғағын жоғалтып, ушығып тұр. Қазіргі деректерге көз жүгіртсек, осы болып жатқан оқиғалардың ызғары Қазақстанға да суық лебін әкелуде. Бұрынғы ТМД елдерінің азаматтарына қиын-қыстау кезде пана болған Ресейдегі жағдай да жылдан-жылға құлдырап, орыс билігі де шет мемлекеттерден ағылып келіп жатқан арзан жұмысшы күшіне шектеу қоюда. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, биылғы жылдың 10 айында ғана елімізге түрлі мақсаттармен жолаушылап ке­ліп, нәпақаларын теріп жеп жүрген шетелдік азаматтардың жалпы саны жөнінде нақты есеп жоқ. Бір білетініміз, сол күнкөріс қамымен келгендердің 95 пайызы Өзбекстан азаматта­ры көрінеді.
Үстіміздегі жылдың өзінде ғана Қазақ­станға 97 мың Өзбекстан, 1396 Әзірбайжан мемлекеттерінің азаматтары сапарлап келген. Құзырлы орган 103 мың Өзбекстан азаматына рұқсат берілгенін бекітеді. Шетелдік азаматтардың рұқсаттарын рәсімдеуден ел қазынасына 983 млн, яғни, 3 млн 900 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы түскен. Бұл – көші-қон ісімен айналысатын құзырлы органдардың таратып отырған мәліметі. Ал, олардың арасында заңды бармақ басты, көз қысты әрекеттерімен орағытып өтіп жатқандары қаншама.
Еліміздің заңнамаларында шетелдік жұмыс күшін пайдаланушыларға әрбір адам басына белгілі бір мөлшерде салық төлеу қарастырылғанымен, оның да өз деңгейінде орындалып жатқанына күмән көп. Олай дейтініміз, елімізге келу тәртібін бұзып немесе қылмыс жасап, шектеу қойылған кейбір шетелдік азаматтардың өзге адамның атынан жалған төлқұжат жасаттырып, шекарадан қайта өтіп кететіндігі туралы деректер де бар. Мұның өзі Өзбекстанмен арадағы көші-қонды бақылауда әлі де салақтық пен салғырттықтың бар екендігін көрсетсе керек. Құқық қорғау органдарының шетелдік азаматтардың қатысуымен жасалған қылмыстардың сипаты жөніндегі жариялаған деректеріне көз жүгіртсек, кейбір Африка елдерінен келгендер алаяқтық жасаса, Өзбекстан азаматтары көбінесе қыз зорлауға бейім тұрады екен. Таяуда еліміздің батыс облыстарының бірінде кішкентай бүлдіршінге қиянат жасауға әрекеттенген Өзбекстан азаматының қолға түскені хабарланды. Біздіңше мұның бәрі ел аумағына келетін шетел азаматтарының өмірбаянын тексеріп, жіті бақылаудан кететін шалағайлықтың әсері сияқты. Егер шетелдерден жұмыс бабымен келетін адамдардан соттылығының бар-жоқтығы туралы мәлімет талап етілсе, шекара мәселесінде белгілі бір дәрежеде жауапкершілік орнар еді. Әйтпесе ел аумағына келу тәртібін бұзатындарға заңнамаларымызда қатал жазалар қарас­тырылған. Жаңадан қабылданған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517, 518, 519 баптары ел аумағына заңсыз келушілерге арналған. Мәселен, осы кодекстің «Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» деп аталатын 517-бабының бірінші бөлігінде шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген күнтізбелік бес күн өткеннен кейін үш тәулікке дейінгі мерзімде ішкі істер органдарында тіркеуден өтпей елде болуы, яғни, Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы алдымен ескерту, ал, екінші бөлігінде тіркеуден өтпеген немесе көрсетілген мекенжайда тұрмауы он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не он тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынып, немесе ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып салуға әкеліп соғатыны заңдық тұрғыда бекітілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған орташа деңгейдегі жаза осындай. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде режимді бұзу, мемлекеттік шекара режимін бұзу, азаматтарды заңсыз алып өтуге белгіленген жазалар да оңай емес. Мәселе – тасқа басылған осы заң талаптарының қалай орындалатындығында ғана.

Елеусіз МҰРАТ,
«Заң газеті»