31 қазан күні Елбасымыз жариялы түрде жаңа Азаматтық процессуалдық кодексіне қол қойған болатын. «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деп Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, кодекс қарапайым халық үшін жасалған. Жаңа кодекстің еліміздің әр азаматы білуге тиіс қандай тұстары бар? Жаңалығы қандай? Осы сауалдар Талғар аудандық сотында өткен жиында талқыланған болатын.  Жиынға Талғар аудандық сотының судьялары – Мақсұт Текетаев, Марат Ибрагимов, Нұрлан Шаймерденов, прокурорлар – Махаббат Шакарова, Айгүл Нюсупова, Талғар аудандық заң кеңесінің меңгерушісі – Мұса Абдулов, ауандық әділет басқармасының бас маманы – Ғалым Достанов, адвокаттар – Қуантай Айтжанов, Жұмат Абенов, Наталия Исмаилова, нотариус қыз­меткері Бахтияр Бисинбинов қатысты.

– Жаңа Азаматтық про­цессуалдық кодекстің жа­ңалығы қандай? Оларды жү­зеге асыруда қандай қиын­дық­тар туындауы мүмкін?

Марат ИБРАГИМОВ:
– Естеріңізде болса, сәуір айында Елбасымыз бес инсти­туционалдық реформаны жария­лап, «100 нақты қадамды» бел­гі­леген Ұлт жоспарын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы жоба бойынша Парламент 59 заңнаманы қабылдауы тиіс еді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде «16 заңға мен қол қойып үлгер­дім. Бүгінгі кодекс 17-ші заң. Бұл жос­пардың маңызды бағыттары­ның бірі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Жаңа кодексті қабылдау арқылы осы міндетті орындауға кірісеміз» деген бо­ла­тын. Сондай-ақ, Елбасы жаңа кодекстің құқық саласын түбе­гей­лі өзгертетінін айтқан болатын. Сондықтан да, заңға енгізілген өзгертулер мен түзетулерден әр азаматтың хабардар болуы өте маңызды.
Кодекске енген басты өзгеріс­терге тоқталатын болсақ, олардың қатарына инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәртібін, дау-жанжалды бітімгерлік жолмен шешуді, медиация институтының қызметін нығайту, сот істерін жүргізуге ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу және тағы да басқа өзгертулерді жатқызса болады. Қазір азаматтық істерде қылмыстық істер сияқты «алғашқы талқылау» енгізілген. Тараптардың арыздарын, дәлелдемелерін, құжаттарын осы талқылауда жинақтап, негізгі сот талқылауына толықтай дайындау керек.

Мақсұт ТЕКЕТАЕВ:
– Иә, Марат Сұлтанұлы айтқандай, кодекске алғашқы талқылау кезеңін енгізген. Бұрын бұл тек қылмыстық істерде болса, қазір азаматтық іс жүргізуде де бар. Жаңа құжатты тәжірибеде қолданғанда қандай қиындықтар туындауы мүмкін деп сұрадыңыз. Қылмыстық кодексте негізгі сот талқылауы іс толықтай қаралып, шешімін тапқанша бірнеше рет кейінге шегеріліп, қайта қаралуға рұқсат етілсе, азаматтық іс жүргізу кодексінде бұл жағы қаралма­­ған. Мәселен, осы Талғар ауданын ғана алсақ, Нұра – Талғардан 60 шақырым қашықта орналасқан. Ол жерден арыз беруші біз айтқан күнде келе салса жақсы, тараптардың алғашқы талқылауға келе алмауы қиындық тудырады. АПК-нің 172-бабы, 2-тармақшасында «Тараптар мен іске қатысатын басқа тұлғалар алдын ала сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Шақырылған адамдардың қайсыбірінің келмеуі алдын ала сот отырысын өткізуге кедергі болмайды» делінген. Олар келмеген жағдайда біз іс туралы нені біле аламыз?! Алғашқы талқылауды қайта-қайта кейінге шегере беруге де болмайды. Дайындыққа өзі ең көп дегенде бір ай мерзім беріледі. Мен болсам негізгі сот талқылауын белгілеуім керек. Ал, оны өткізу үшін мүмкін медициналық сараптама керек шығар, болмаса басқа да бір құжаттар қажет болуы мүмкін. Істі бір отырыста шешу керек. Осындай жағдайларда істі шешіп үлгереміз бе, жоқ үлгере алмай қаламыз ба? Міне, қиындық тудыратын мәселе осы. Бізде адвокаттардың жұмыс графигі де жоқ. Мәселен, тарапқа тағайындалған немесе тараптың жеке келіскен адвокаты Алматыдан болса, біз белгілеген сот талқылауының күні оның графигімен сәйкес келмеуі мүмкін. Содан кейін олар бізге «Алматыда не Астанада сотым бар еді. Басқа күнге қойыңыз» деп арыз жазады. Осындай жағдайда біз не істейміз?!

Нұрлан ШАЙМЕРДЕНОВ:
– Бастапқы кезде, әрине, қиындықтар болады. Дегенмен, заң қабылданғаннан кейін, оған бағынуға міндеттіміз. Жаңа заң қабылданып отыр. Ол жерде көптеген өзгеріс­тер, толықтырулар бар. Бұрынғы Азаматтық іс жүргізу кодексінен ерекше кодекс. Атап айтсақ, сот инстанциялары бұрын 5 сатыдан тұрған болса, жаңа жылдан бастап 3 сатылық жүйеге көшеді. Бұлай қысқарту сот істерінің ұзақ мерзімге созылмауы үшін қажет болды. Тараптар уақытын жоғалтпай, мәселелерінің шешімі неғұрлым тезірек шықсын деген ниетпен өзгертілген. Жаңа кодекс­тегі өзгерістерге үйреніп, оның қалыптасуына жарты жыл шамасында уақыт керек болар. Барлығымыз ескі АІЖК-мен жұмыс істеп үйреніп кеткенбіз. Адвокаттар немесе нотариустар болсын, барлығының жаңа өзгертулерді білуі міндетті.
Жаңа кодексте, сонымен қатар, дауды ұзаққа созбай қарау қарас­тырылған. Негізгі сот отырысына дайындық мерзімі бұрын 7 күн болған болса, қазір 15 күн, қиын істер бойынша бір айға дейін уа­қыт беріледі. Алғашқы талқылау туралы толығырақ әріптестерім айтып өтті. Дайындық кезеңінде сотқа қатысты құжаттарды, қос тарапты, қажет болған жағдайда үшінші жақты да тауып, сот ісіне толықтай дайындық жасалу керек.
Атап өтетін тағы бір өзгеріс – дауды бітімгершілік жолымен шешу. Жаңа кодекстің 17-тарауы «Татуластыру рәсімдері» деп аталып, 9-баптан тұрады. Мұнда дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу немесе партисипативтік жолдармен шешу туралы айтылған. Егер сотта тараптар дауды не жанжалды партисипатив­тік рәсімдер тәртібімен адвокаттары арқылы реттейміз деп жатса, онда сот істі тоқтата тұрады. Берілген уақытта, адвокаттар өздері бір-бірімен келісіп, бір бітімге келуі мүмкін. Егер тараптар өзара бір бітімге келмесе, онда сот өз үкімін шығарады. Бұл осы кодекстің 182-бабының 3-тармақшасында көрсетілген. Онда: «Егер тараптар партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартын бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі» делінген. Жалпы, бұл – Америка, Еуропа елдерінен келген тәжірибе. Ол жерде сот ісі ұзаққа созылатындықтан, партисипативтік тәсіл кең таралған. Бұл кодексте судьяның да құ­қықтары қаралған. Сот отырысы барысында судьяға балағат сөздер айтқан, тәртіпке бағынбаған, сот отырысын бұзған азаматтарды сот процесінен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік туды.

– Жаңа кодексте дауды сотқа дейін реттеу мәселесіне ерекше назар аударылған. Дау-жанжалды медиатор, адвокат, нотариус көмегіне жүгіне отырып шешу жолдары ұсынылған. Ол тараптардың уақытын үнемдейді, моральдік және материалдық шығындарын азайтады. Ал сіздер үшін бұл тиімді ме?
Қуантай АЙТЖАНОВ:
– Екі тарап өзара келісіп жатса, оның несі жаман?! Қылмыстық істегідей айыпталушы мен жәбірленуші бітімге келіп жатса, керісінше, бізге жақсы емес пе!? Істі сотқа дейін шешкен бізге де, тараптарға да тиімді.

Мақсұт ТЕКЕТАЕВ:
– Жалпы, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» керек. Яғни, дау-жанжалды болдырмауға тырысуымыз қажет. Ол үшін әрбір мемлекеттік мекеме қызметкерлері алдына келген азаматтың сұрақтарына толықтай жауап беріп, өз қызметін орындаса болғаны. Бізге арызбен келушілердің басым бөлігін қайтарып жатамыз. Неге? Себебі, біз қарамайтын, белгілі бір органдардың шешетін мәселелерімен келеді. Бізге шешілмеген даумен келу керек. Осының бәрі халыққа қызмет көрсетіп отырған мекеме қызметкерлерінің азаматтар сұрағына үстірт жауап беруінен туындайды. Аяғында осындай түсініспеушіліктер орын алып жатады. Кез келген мәселені сотқа жеткізбей шешуге тырысу керек.
Елімізде ең кең тараған дау тү­рі – жер дауы. Оны туындатып отырған мемлекеттік органдар емес пе?! Тәртіпті дәл солардан бастап орнату қажет. Мен оларды айыптап отырғаным жоқ, тек өз істеріне жауапкершілікпен қараса болғаны. Әрбір мемлекеттік орган өз мәселесін өзі шешуі керек. Сонда ғана дау азаяды. Тағы бір ескерерлігі, медиаторлардың өздері халыққа жұмыс істеуі тиіс. Осылай тараптардың ортақ мәмілеге келгені тиімді екенін, заң жағынан қандай мүмкіншіліктер бар екенін халыққа айтып, насихаттаса, біз осылай таңнан кешке дейін сотта отырмай, келгендерді медиаторға жіберіп отыратын едік.

– Азаматтық-құқықтық сот істерін қарауда прокурордың қатысуын қысқарту – кодекстің негізгі жаңалығының бірі. Мұның тиімділігі неде?

Махаббат ШАКАРОВА:
– Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Құдайға шүкір, бүгінде әркімнің де білікті өкілдері бар. Олар үнемі жандарынан табылады. Сондықтан, мен бұл заңға толықтай келісемін. Сот отырысы барысында прокурорлар көбіне судьяның шығарған үкімімен келісіп жатады. Сондықтан да, кейбір процесс біздің қатысуымызды керек етпейді. Мысалы, тыйым салудан босату істерінде прокурордың еш керегі жоқ. Кейбір іске прокурордың қатысу қатыспауын тарап­тардың өтініші шешеді. Ал, мемле­кет мүддесіне байланысты істерге біздің қатысуымыз міндетті.

– Демократиялық мемле­кеттегі сот стандарт­тары: қолжетімділік, жариялы­лық және ашықтыққа негізделеді. Соған орай, бізде де «Электронды сот төрелігін дамыту» туралы ұсыныс қабылданған еді. Жоғарғы Сот сайтында электронды қызмет түрлері артып келеді. Ал, аймақтық соттарда бұл мәселе қаншалықты дамыған?

Нұрлан ШАЙМЕРДЕНОВ:
­– Қазіргі заманда барлық қызмет электронды форматқа жаймен өтуде. Шетелдерде бұл қалыптасып қалған жүйе болса, біздің елімізде енді-енді ғана етек жая бастады. Алдағы күндері халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтар осы электронды қызмет көрсетуге көшеді. Ол алдымен, уақытты үнемдесе, екіншіден шығынды азайтады. Осыған орай, сот жүйесінің де электронды қызметтер көрсетуге өтіп жатуы – заңдылық.
Бүгінде кез келген азамат электронды қолтаңбасын бекітіп ал­ғаннан соң, «сот төрелігі» арқы­лы арыз-өтініштерін бізге жолдай алады. Сондай-ақ, өзіне қатысты іс барысының қалай жүріп жатқанын дистанционды түрде өз кабинетіне кіру арқылы бақылауға мүмкіндігі болады.
«Сот төрелігі» тек тараптарға ғана емес, бізге де өте тиімді. Іске керекті қандай да бір құжаттарды немесе мәліметті алу үшін өзге де мемлекеттік органдарға осы жүйе арқылы сұраныс береміз. Біз жазған хат сол мезгілде-ақ аталмыш органға жетеді де, олардан оперативті түрде жауап келеді. Бұ­рынғыдай ары-бері жүрісті азайтады, уақытты барынша үнемдейді.

Мақсұт ТЕКЕТАЕВ:
– Жалпы, «сот төрелігі» деп электронды қызмет көрсету жүйесін айтамыз. Оған үйде отырып арыз түсіру, сот процесін жеке кабинет арқылы бақылау сынды қызметтер кіреді. Бұл жүйе бізде енді дамып келе жатыр. Қазір біз мемлекеттік органдар тарапынан түсетін істерді сот төрелігі арқылы ғана қабылдаймыз. Ол біз үшін өте тиімді. Себебі, құжат алмасуды жеңілдетеді, уақытты үнемдейді. Бүгінгі күні бізде қаралып жатқан істердің шамамен 30 пайызы осы электронды жүйе арқылы келіп түскен. Бұл аз көрсеткіш болғаны­мен, жылдан-жылға өсіп келеді. Осы жүйе арқылы тиімді қызмет алуды мемлекеттік органдар халыққа жеткізсе жақсы болар еді. Сол кезде пайыздық көрсеткіштің артатыны сөзсіз.
– Уақыт тауып, пікірле­ріңізді ортаға салғандары­ңызға көп рақмет!
Назерке ИНАҚЫНОВА