Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-да теңдесі жоқ сенсорлық бөлме ашылды. Мұндай психологиялық тынығу әрі сергу бөлмесі ТМД көлемінде Қазақстанда бірінші рет тәжірибеге еніп отыр.

Бәрімізге белгілі, қатерлі ісік диагнозын естіген адам күйзеліске түсіп, өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Ал баласы обыр дертіне шалдыққан ата-ананың жағдайы тіптен ауыр. Міне, осындай сары уайымға салынған немесе ұзақ уақыт бойғы ем курстарынан әбден шаршаған науқастарға сенсорлық бөлмеде кешенді арнайы психологиялық көмек беріледі. Ал оның дәстүрлі психологиялық емдеу тәсілінен қандай айырмашылығы бар? Біріншіден, бұл сенсорлық бөлмеге кірген жанның көңіл-күйі бірден көтеріледі. Бастапқыда біз сурет көрмесіне кіріп кеткендей болдық. Сөйтсек, бұл балалардың қолынан шыққан тырнақалды туындылары екен. Ал екінші бөлмеге кірсеңіз, өзге әлемде жүргендей сезімде боласыз. Себебі, айналаңыздың бәрі қызылды-жасылды түске боялған. Балаларға арналған «Қуыршақ театры» да осында. Балықтар суда жүзіп жүр. Тегін ойыншықтар, бала санасын жетілдіруге арналған ойындар. Тіпті, арнайы жаттығу жасайтын орын да бар екен. Бөлме арнайы жабдықталған. Психокөмек көрсетудің арнайы жоспары құрылған. Музыка мен арт терапия және өзге де емдеу тәсілдері күн сайын ауысып отырады.Ұзақ уақыт ем алып шаршаған жанның миы тынығып, денесі босаңсиды. Өмір сапасы жақсарады.  Екіншіден, балалар ойнап отырып, ойланады. Психолог Ильмира Рамазанқызының айтуынша, баласы науқастанғанда ата-ана оның денінің саулығын ғана ойлап, интеллектуалды дамуын, білімін жетілдіру жағын ұмыт қалдырады. Тіпті, 10 жасар баланың 10-ға дейін санай алмайтын кезі жиі кездесіп жатады екен. Ал бұл жер –  балалар үшін білімін жетілдіру, даму орны. Олар сазбалшықтан түрлі дүниелер жасайды. Тренингтерге қатысып, ойлау жүйесін дамытады. Еңбектенеді. Өз-өзіне деген сенімділікті нығайтады. Баласы онкоинститутта емделіп жатқан ақтөбелік Светлана Сыздықова бізбен сенсорлық бөлмеге алғаш кірген кездегі сезімімен, ойымен бөлісті. Ол: «Маған бұл жер өте қатты ұнады. Ең бастысы – баламның жүзіне күлкі үйіріліп, қуаныштан жүзі бал-бұл жанды. Онкологиялық диагнозбен күресу, әрине, оңай емес. Сондықтан, психологиялық мұндай көмектің орны бөлек», — дейді. Онкоинститут емделу кезінде науқастарға және оның туыстарына психологиялық көмек көрсетуді басты орынға қояды. Оның бірден-бір дәлелі – осы сенсорлық бөлме. Себебі, туыстары мен науқастың көңіл-күйі оның еміне тікелей әсер етеді. Сол үшін психикалық әрі әлеуметтік көмек берудің кешенді жүйесі ұйымдастырылды. Зерттеулерге сүйенсек, сенсорлық бөлмеде психокөмек көрсету өзге әдістермен салыстырғанда жақсы нәтиже береді.

Онкоинститут директоры Қуаныш Шадыбайұлының айтуынша, алдағы уақытта бұл игі істі аймақтарда да қолға алу жоспарға енгізілген.  Онкопсихолог Ильмира Рамазанқызы бұл жобаның артықшылығын «Қатерлі ісікпен күресу оңай шаруа емес. Әсіресе, баласы онкологиялық дертке шалдыққан ата-аналардың салы суға кетеді. Бірінші байлық – денсаулық. Бұл даусыз. Бірақ, балаға да, ересек жанға да рухани өсу, қолдау, сергу қажет. Дәл осы қажеттердің бәрі – сенсорлық бөлмеде жинақталған»деп түсіндірді. Ең бастысы, сенсорлық бөлменің табалдырығын аттаған жан басындағы проблемасын уақытша болса да ұмытады.