Жаңа жыл мерекесін отшашусыз елестету мүмкін емес. Тіпті, үйлену тойлары мен туған күн мерекесінде де отшашу ату сәнге айналды. Әрине, той-тамашаның, мерекенің қызықты, жарқын болып өткені жөн-ақ. Алайда, кейде қызықтың соңы қайғыға ұласып жататыны өкінішті.

Жылда Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде сапасыз отшашулар пайдаланудың және отшашуды дұрыс қолданбаудың салдарынан жүздеген адам зардап шегіп жатады. Олардың жар­ты­сына жуығы балалар. Өкі­ніш­тісі, басқалар сол қайғылы оқи­ға­лар­дан қорытынды шығарар емес. Базарларда сәйкестік сертификаты жоқ сапасыз отшашулар са­татындарға әлі күнге тосқауыл болмай тұр. Ережеге сәйкес, базарда пиро­техникалық заттар сататын сату­шылар арнайы курстан өтуі керек және тауардың сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Алайда, базардағы сатушылар бұл талапты орындамайды, ал, тұтынушы талап етпейді. Ал, «арзанның құны татымас» дегенді ескермеген тұтынушылар сертификаты жоқ болса да, бағасы арзан отшашуларды сатып алады. Салдарынан жылда Жаңа жыл мерекесі кезінде төтенше жағдайлар орын алып жатады. Мысалы, өткен жаңа жылды қарсы алу кезінде Ал­маты қаласының бір ауруханасына отшашудан зардап шеккен 70-ке жуық адам жеткізілген. Олар­дың тең жартысы 10-16 жас ара­лығындағы балалар мен жас­өс­пірімдер болған. Ал, Шымкент қаласында 31 жел­тоқсаннан қаңтардың 1-іне қараған түні отшашудан зардап шеккен 19 адам ауруханаға жеткізілсе, 1 қаңтар күні 27 адам дәрі­гер­лер­дің көмегіне жүгінген. Шығыс Қазақ­стан облысында от­шашудың кесірінен үш адам көз жұмған. Мұндай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. Статистикаға жүгінсек, тұтыну­шылардың көбі сапасыз пиротехникалық заттардан зардап шегеді екен. Сапасыз отшашу қолда тұрғанда жарылып, пайдаланушыға түрлі жарақат келтіреді. Кей жағдайда пиротехникалық заттарды пайдалану ережесін ескермеу жақын маңдағы адамдарға, үйлерге зиянын тигізіп жатады. Сондықтан, отшашу сатып алғанда тауардың сәйкестік сертификаты болуына аса назар аударған жөн. Қара базардағы сапасыз тауардан сақ болған абзал. Сондай-ақ, отшашуды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.
Төтенше оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция мен төтеншеліктер жыл сайын жаңа жыл мерекесі жақындағанда базарлар мен сауда орындарын тексеріп, сапасыз отшашуларды тәркілеп жатады. Олар биыл да сол әдеттерінен жаңылған жоқ. Таяуда Алматы полицейлері мен төтенше жағдай қызметі мамандары пиротехникалық заттар сататын сауда нүктелеріне кезекті рейд жүргізді. Рейд барысында заңсыз айналымнан 720 келі пиротехникалық өнім тəркіленді. Қалалық Әкімшілік полиция басқармасы отшашуларды заңсыз сатуға ғана емес, оны кез келген жерде атуға да тыйым салып отыр. Сондай-ақ, пиротехникалық заттарды тасымалдау ережесі де қатаң сақталуы тиіс екенін ескертеді. Мысалы, отшашуды кез келген автокөлікте алып жүруге рұқсат етілмейді. Жарылғыш заттар арнайы рұқсат етілген көлікпен ғана тасымалдануы тиіс. Тек бір күндік тексеру барысында заңсыз пиротехникалық заттар сатумен айналысқан 15 сауда нүктесі анықталып, саудагерлерге қатысты Әкімшілік кодекстің 483-бабы бойынша іс қозғалған. Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, заң талабын ескермегендер 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Егер құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері артады.
Өрт сөндіру мамандарының айтуына қарағанда, пиротехникалық заттарды пайдалану ережесін сақтамау салдарынан мереке күндері өрт оқиғаларының да саны арта түседі екен. ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті мамандары жаңа жыл мерекесі күндерінде өрт оқиғасы үш есеге артатынын мәлімдеп отыр.
– Статистика көрсеткендей, өрт оқиғалары әсіресе жаңа жыл мерекесі кезінде көптеп орын алады. Егер жай күндері елімізде тәулігіне 50-60 өрт оқиғасы орын алса, жаңа жыл мерекесі күндері өрт оқиғасы мен одан зардап шеккендер саны 3 есеге артады. Мәселен, өткен жаңа жылды қарсы алу мерекесі күндері 194 өрт шығып, 16 адам қаза тапты. Соңғы үш жылда мереке күндері барлығы  553 өрт тіркеліп, 42 адам қаза болған. Мұндай өрттердің басым көпшілігі жеке тұрғын үй секторында болатынын атап өткен жөн. Бұл мемлекеттік өрт бақылау тұрғысынан барынша реттелмей отырған сала. Статистика бойынша жаңажылдық мереке күндері бұл цифр шамамен 82-85 пайызға артады, – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқарма бастығы Марат Хасенов.

Пиротехникалық заттарды пайдалану ережесі
1) Базардан отшашу сатып алсаңыз сәйкестік сертификатын талап етіңіз. Негізі отшашуды базарлардан алмаған жөн. Ең дұрысы, арнайы дүкеннен алыңыз. Арнайы дүкендердің ондай тауар сатуға лицензиясы бар және заттардың сәйкестік сертификаты болады. Сонымен қоса, арнайы дүкен сатушылары отшашуды қалай пайдалану керектігін түсіндіріп бере алады. Әрине, арнайы дүкендегі тауар қымбаттау. Өйткені, ол тауарлардың қауіпсіздігі кепілдендірілген. Егер бағасына қызығып арзанын алып, бір жеріңізді жарақаттап алсаңыз оның сізге бірнеше есе қымбатқа түсері анық. Сондықтан, бағасы қымбат болса да қауіпсіз тауарды сатып алған дұрыс.
2) Тауарды сатып алғанда шығарылған уақытына, пайдалану мерзіміне мұқият қараңыз.
3) Отшашуды қолдану кезінде тауар нұсқамасындағы ережелерді қатаң сақтаңыз.
4) Бенгаль оттары мен хлопушкадан өзге отшашуларды тек ашық аспан астында, тұрғын үйлерден 30 метр қашықтықта ату керек. Өйткені, аспанға атылған ракеталар, шарлар шетте қарап тұрған кісілерді жарақаттауы, тұрғын үйлердің ашық тұрған терезесінен кіріп өрт шығуы мүмкін. Сондықтан, қауіпсіздікті сақтау үшін отшашуларды жоғары қарай тік ату қажет. Сондай-ақ, жаңа жыл кешінде есік-терезелерді ашық қалдырмаңыз.
5) Отшашу ататын адамның үстінде тез тұтанатын синтетикалық киім, жүні сыртына қараған тон болмауы керек. Сондай-ақ, ұзын шашты жинап қою қажет. Егер байқаусызда үстіңізге отшашудың жарықшақтары түссе, лезде сырт киімді шешіп, тексерген абзал. Сонымен қоса, отшашу атқан кезде, қауіпсіздік үшін көзді қорғайтын көзілдірік кию қажет.

Қалдар БЕРДІБЕКҰЛЫ