Мектептердің оқу бағдарламасына 2009 жылдан бастап енгізіл­ген дінтану пәні жас ұрпақтың бойында имандылық қасиет­тер­ді орнықтырып, діни түсініктерінің ауқымын кеңейтіп отыр ма? Мектептегі бұл пәнді оқыту жайы және оның болашағы қандай?

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ чб

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, дінтанушы:
– Егер бізде осы уақытқа дейін дінтану пәнін оқытуға деген тұжырымдамалық көзқарас айқындалмай келген болса, ендігі жерде дінтану пәнін оқытуда ненің мақсат етілетіні, оның қандай пән болуы қажеттігі мемлекет тарапынан нақтыланды деуге болады. Ол ел үкіметінің 2014 жылдың 15 шілдесінде шыққан №281 Бұйрығынан көрініс тапқан. Онда зайырлылық және дінтану негіздері атты жаңа пәннің типтік оқу бағдарламасы бекітіліп, бұл пәнді 2016 жылдың 1 қыркүйегінде оқу кестесіне енгізу көзделген. Кейінірек Қазақстанның барлық оқу орындарында дінтану пәні оқытыла бастайды деген де хабар бар. Дәл қазіргідей әлемде діни экстремизм мен лаңкестік өріс алып отырған кезде елімізде жастарға діни тәлім-тәрбие берудің мәні арта түсетіні анық. Сирияда соғысып жатқан қазақ жастарының бәрі діни білімдерінің тайыздығынан осындай теріс жолға түсіп кеткені белгілі. Қазақ «білімдінің жүзі жарық, білімсіздің жүзі көн шарық» дейді. Білімсіз адам кім көрінгеннің жетегіне ергіш келеді. Сондықтан да, бүгінде мектептерде оқытыла бастаған дінтану сабақтарының аясын кеңейтіп, мұндай пәндерді барлық оқу орындарында оқыту жүзеге асырылса құба-құп.
Біз Елбасымыз айтқандай, «Ұлы Даланың перзенттеріміз». Қазақ әрқашан жақсылыққа сенген, ертеңнен үміт күтіп, болашаққа сеніммен қараған халық. Жақсылық, Жақсыбай деп сонау Зәрдөш (Заратустра) заманынан бері есім қойып келеміз. Осы бір аумалы-төкпелі дүниеде жоғалғысы келмеген халық өзінің түпкі қасиетінен айнымайтын болуы тиіс. Білген кісіге бұл да біздің халқымызға тән қасиет. Адамзаттың алғашқы ұстаздары қатарында саналатын Зәрдөшті қазақ жерінің тумасы деген әйгілі зерттеуші Бойстың пікірін неге сол болашақ оқулыққа енгізбеске, тіпті, Будда-Гаутама Шакьямунидің осы топыраққа қатыстылығын, оның рухани ізденісінің жемісі – рухы таза адамды тәрбиелеу идеясының Қожа-Ахмет Яссауиге ұласып, одан бері Абай мен Шәкәрімге жалғасқанын неге айтпасқа. Сонда жас ұрпақ бұл дала тұлдыры жоқ тұлғасыздардың отаны емес, ұлы ойшылдар мен гуманистерді тудыр­ған, шындығында да «Ұлы Дала» екендігін ұғынып, санасымен түйсініп өсер еді.

Бақыт Смағұл чб

Бақыт СМАҒҰЛ,«Ақ жол» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
– Қазақ елінде тыныштық бар деп қуанғанымызбен, уаһһабшыл ағымдардың іштен тынып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Сонда біздің жастарымыз­дың ата дінімізден алшақтап бара жат­қанына не әсер етті екен? – де­ген сауалдың ешкімді бей-жай қалдыр­масы анық. Меніңше, барлығы отбасы, ошақ қасындағы имани тәрбиенің кемшін жатқанынан ба деп қаласың. Ал, мектеп жасына жетіп, білім ордаларының табалдырығын аттаған балаларымыздың дін жайындағы білім-түсінігі де толымды деп айта алмаймыз. Соңғы жылдары жаппай енгізілген дінтану пәндерінің уақыт талабынан шыға алмай отырғанын мойындауымыз керек. Тарих пәні ұстаздарына жүктелген бұл имани тәрбие көбіне-көп зайырлы қоғамның талабымен ғана үндесетін сияқты. Діннен хабары болмаған адам имандылық жайлы не айта алады!?
Білім жүйесіне жергілікті мешіттердің дін қызметкерлерін де қатыстыру жайы көптен бері айтылып келеді. Дегенмен, бұл арада зайырлы қоғамда бұлай жасауға бола ма деген мәселе алдымызды кеседі. «Дін мемлекеттен бөлек» ұғымы шынымен имансыз қоғам құрудың алғы шартына айналып отырғаны ма?! Діні бөлек мемлекет болса да, иманы жоқ қоғам болмайды ғой. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен елімізде біртұтас діни білім беру жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл жүйенің басты мақсаты – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан діни құндылықтар мен білім беру жолын одан әрі дамыту. Бұл бастама қолдау тапса, елімізге сырттан ағылып келіп жатқан әсіре діншілдіктің жолы кесіліп, ата-баба дәстүрімен сабақтасқан қасиетті дініміз адамдарды нағыз имандылық жолына салуға жол ашылар еді.
Шыны керек, бүгінде біздің жастарымыз алғашқы діни білім мен танымды мешіт жандарындағы сауат ашу курстарынан алады. Сондықтан, сауат ашу курстары жаңағы мектептердегі дінтану сабақтарындағы аздық ететін олқылықты толтыратынын да жоққа шығармасақ керек. Ал, ондай мешіттері жоқ ауылдан қалаға білім іздеп келген жастардың бірден теріс ағымдардың жетегіне еріп кететінінің астарында да осы жайлар жатыр.

Сауалнаманы дайындаған Қалкөз ЖҮСІП, «Заң газеті»