Еліміздегі пошта байланысы талапқа сай емес. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл қыз­меттің көрсетілу деңгейі төмен. Мәселен, оларға жазбаша хат-хабарлар, сәлем-сау­қаттар уақтылы жеткізілмейді. Олардың қолды болу фактілері жиі тіркеледі. Талдау жұ­мыстарының нәтижесі жолданған сәлем-сауқаттардың биыл 31 пайызының ұрланып, 53 пайызының жымқырылғанын көрсетіп отыр. Мұндай кемшіліктердің орын алуына ауылдардағы пошта бөлімшелерінің 72 пайызының жалдамалы ғимараттарда орналасып, қызметкерлердің толық емес жалақыға жұмыс істеуіне байланысты туындауда. Мұның сыртында пошталардың 50 пайызы пошталық-қаржылық қызметтерді көрсету талаптарына сай емес. Он пайызының жағдайы өте нашар. Оларда күзет қызметінің жолға қойылмағандығы да өзекті мәселелердің бірі.

Шын мәнінде пошта қызметі өркениеттің көптеген жетістіктерінен сырт қалған ауылдарды қаламен байланыстыратын, ондағы тұрғындардың зейнетақы, жәрдемақы сынды қаржылық көмектерді уақытында алып, өздерінің коммуналдық қызмет үшін төлемдерін жүзеге асыратын, хат-хабар, сәлем-сауқаттарын алатын жалғыз орын болып отыр. Сондықтан, поштаның ондағылар үшін экономикалық ба­сымдықтан бұрын, әлеуметтік маңызы зор.
Ел көлемінде бүгінгі таңда 3367 пошта бө­лім­шесі жұмыс істесе, оның 70 пайызы ауылда қызмет көрсетуде. Олардың қызметіне деген сұ­раныс жылдан-жылға арта түскен. Қанша жерден ақпараттық технология дамып, жұртшылық көбіне ғаламтор, телефон арқылы хат-хабар алудың ауқымды мүмкіндігіне ие болса да, жұртшылық арасында жазбаша хат алысу, сәлем-сауқаттарын алудың пошта ұсынатын қызметтерін пайдалануға деген қажеттілік төмендеген жоқ. Мысалы, тек биылдың өзінде 55899,8 хат, 4380,9 мың сәлемдеме, 0,8 гибридтік пошта, 538,3 жеделдетіліген пошта, 219053,1 газеттер мен өзге де мерзімдік басылым­дар пошта арқылы халыққа жеткізіліпті. Ал, осы қызметтерді көрсетуден түскен табыс отыз млрд теңгеден астам қаржыға жеткен. Осы қызметтің арқасында жиырма үш мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Әрине, ауылдық жерлерде олар толық жұмыс күнін істемегендіктен, жалақысы аз, он-он бес мыңнан аспайды. Дегенмен, бұл қызметті тиімді ұйымдастыру арқылы әлеуметтік-экономикалық маңызы зор біраз мәселені шешуге болады.
Елімізде бұл саланың жұмысын алға жылжыту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Соның бірі «Қазпошта» АҚ-ын «Самұрық-Қазына» әл-әуқат қорының өз қанатының астына алып, оған инвестиция сала бастауы. Осының арқасында бұл сала жұмысына заманауи өзгерістер енгізілуде. Мәселен, биыл ел көлеміндегі пошта бөлімшелерінің 67 пайызы автоматтандырылды. 2017 жылы бұл көрсеткіш жүз пайызды қамтымақ. 2012 жылы пошта операторлары әрекетін лицензиялаудың алынып тасталуы арқылы кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергінің жойылуы бұл нарықта өзара бәсеке орнап, қызмет сапасының артуына ықпал ете бастады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 114 пошта операторы қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік пошта одағының халықаралық пошта байланысы саласындағы қызметті реттеуді өзгерткен бірқатар қосымша актілерді қабылдады.
Қолданыстағы «Пошта туралы» заң кез келген пошта операторына пошта байланысы қызметтерінің барлық немесе жекелеген түрін көрсетуді таңдау, пошта желісін құру және пошта байланысын басқа құралдарын пайдалану құқығын берді. Алайда, онда пошта желісін құрудың, оның жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етудің тетіктері көзделмеген, ал, уәкілетті орган белгілеген бірыңғай талаптар мен нормативтер Ұлттық пошта операторының ғана қызметін реттейді. Басқа операторлардың қызметі назардан тыс қалып отыр. Мұның салдары бірқатар пошта операторларының өз қызметтерін тиісті нормативтерді ескермей, бақылау рәсімдерін сақтамай жұмыс істеуіне алып келді. Осы жағдайлар өзге де пошта қызметіне қатысты жоғарыда аталған түйткілді мәселелер «Пошта» туралы және тағы басқа бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуді қажет етті.
Кеше Парламент Мәжілісінде осы жаңа құжаттың тұсаукесері болды. Құжатты таныстырған Инвес­тициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, заң жобасында пошта байланысы көрсететін қызметтерді нарық жағдайында ұйымдастырудың жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Онда негізінен бұл сала жұмысын мемлекеттік реттеу, операторлардың пошта және өзге де қызметін нақтылау және кеңейту, Ұлттық пошта операторының қызметін кеңейту, пошта қызметін пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу мен пошта саласындағы қауіпсіздік секілді мәселені шешетін болады. Сәрсенов мырза осы ретте пошта байланысы мен жөнелтілімдер саласында қауіпсіздік мәселелерінің ерекше назарға алынып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде пошта операторлары пошталық қауіпсіздікті ұйымдастыру, пошта жөнелтілімдерін қорғау және сақтау, пошта саласындағы құпияны толыққанды қамтамасыз етуге қауқарсыз болып отыр.
Қолданыстағы заңнамада қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нормалар мен тетіктердің болмауы әсіресе өмірге қауіпті заттар мен бұйымдардың көбеюіне соқтырған. Осыған орай, заң жобасында пайдаланушылардың және пошта операторы жұмыскерлерінің денсаулығы, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту көзделді. Бұл ретте пошта операторлары тыйым салынған заттар мен бұйымдарды техникалық құралдарды, құрылғыларды және бейнебақылау жүйесін қолдана отырып анықтауға міндеттеледі. Бұл шара қаржыны қажет ететіндіктен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асатын болады. Өз кезегінде жаңа құжат Ұлттық пошта операторына пошта қауіпсіздігі жүйесін құру жөнінде міндеттемелер жүктеп, оған жеке күзет ұйымдарын құру құқығын береді. Бұл пошта жөнелтілімдеріне рұқсатсыз қол сұғудан сақтауға және пош­та жөнелтілімдері мен ақшаларды жоғалтуға немесе ұрлауға тосқауыл қоймақ.
Әйтсе де, құжатта бұған дейін талай айтылып жүрген ауылдық жерлердегі пошта қызметін субсидиялауға қатысты мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбапты. Бұған сөз алған депутаттар назар аудартып, егер осы тетік қарастырылмаса, жаңа құжат толыққанды жұмыс істемейді деген пікір білдірді.
Құжатты депутаттар қабылдап алды. Онымен жұмыс істейтін топқа депутат Рауан Шаекин жетекшілік жасамақ. Тұсаукесер соңында сөз алған Рауан Михаилұлы заң жобасын қарау барысында нақты жағдайлардың толыққанды зерделенетінін, құжаттың шикі тұстарының барынша ширатылуына күш салынатынын атап көрсетті.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»
Астана