Жетінші арна» мен ARAI Media студиясы «Өмір сынағы» және «Шалғайдағы оқиға» атты екі жаңа телехикаяның таныстырылымын өткізді. Аталған жобалар отандық кинодағы сапалы әрі рейтингі жоғары жобалардың қатарын толықтырады деп жоспарланып отыр.

Қазақстандық кинематограф мамандары отандық телехикаялардың шетелдік телевизиялық өнімдермен  бәсекеде оза шауып, нарықты жаулап ала алатындықтарына сенетіндіктерін жеткізді.

Телехикаялардың бас продюсері Данияр Жәнібековтың айтуынша, жоба авторлары қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, отансүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілік секілді құндылықтарға мән берген.

«Мәселен, «Өмір сынағы» телехикаясында мүмкіндігін шектеулі жандардың толыққанды өмір сүру құқығы бар екені сөз болса, «Шалғайдағы оқиға» жобасында Отаныңды мақтан етіп, ауылыңның көркеюіне, туған жеріңнің гүлденуіне үлес қосу тақырыбы тілге тиек етіледі», — дейді ол.

«Өмір сынағы» телехикаясының режиссері Қанағат Мұстафин қазіргі қоғамдамүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруы шектеулі екенін тоқталды.Оның айтуынша, «Өмір сынағы» дәл осы мәселеге көрермендердің назарын аудартады.

«Телехикаядағы бас кейіпкер адам қолынан жасалған қастандықтың салдарынан Алланың адамға берген сыйының жартысынан айрылған адам. Соған қарамастан, ол өмір сүруге құштар, болашағы үшін күреседі», — деп ойымен бөлісті ол.

Осы телехикаяда зағип жігітті ойнаған Алмас Шаяхметов қазіргі кезде қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарастың өзгергенін байқайтыны туралы айтты.

«Бұрын «мүгедек» деген сөзді ойланбай айта салатын болсақ, қазір «ерекше қажеттіліктері бар адамдар» деп сөйлейтін болдық. Осының өзі – ол адамның бізден ештеңесі кем емес екенін, оның бізге ұқсамайтын жері тек бойындағы сол бір өзгешелігі екенін және ол соған мүлде кінәлі емес екенін мойындау», — дейді ол.

Режиссер Мәдина Әлімхан «Шалғайдағы оқиға» телехикаясындағы Елдостың тарихы көпшілікке үлгі бола алатыны жайлы жеткізді.

«Мойымай, қажымай, туған ауылын көтеруге бел буған бас кейіпкердің мысалында жат өлкеде емес, кіндік қаның тамған елде бақытты болуға болатындығын көруге болады», — деді ол.

«Өмір сынағы» телехикаясы 2015 жылдың 23 қарашасында 20.00-де, ал «Шалғайдағы оқиға» 21 желтоқсанда«Жетінші арна» эфиріне шығады.

Жобалар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің қолдауымен түсірілді.

 

Дереккөз: zanmedia.kz