Өткен аптада Қазақстан Жазу­шылар одағының Әдебиетшілер үйінде аталмыш ұйым бастама­шы болып, «Еуразиялық топтың» (ERG) демеушілігімен ұлттық әдебиетті қолдау мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алаш тарихының ақиқаты» атты жабық бәйгенің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жыл басында проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша жарияланған бәйгеге еліміздің түпкір-түпкірінен 200-дей шы­ғарма келіп түсіпті. Көрнекті ақын-жазушылар, әдебиет сыншылары, театр қайраткерлерінен құралған сараптау комиссиясының мұқият талдап, әділ бағасын бергені көрініп-ақ тұр. Жабық бәйгенің талабына сай, үміткерлер туралы деректер көрсетілген конверттер жеңімпаздар анықталған соң ғана ашылған. Яғни, «бармақ басты, көз қысты» болмады деуге толық негіз бар. Бұл сөзімізге жүлдегерлер арасынан, тіпті, бұрын әдебиет саласында танылмаған қаламгерлердің көрінуі дәлел бола алады.
Сонымен, бәйге жүлдегерлері, проза жанры бойынша:
Бас жүлде — Тынымбай Нұрмағанбетов (Алматы).
1-орын – Момбек Әбдәкімұлы (Оңтүстік Қазақстан).
2-орын – Тұрысбек Сәукетай (Ал­маты), Бақытжан Қанапиянов (Алматы), Қуаныш Жиенбай (Астана).
3-орын – Әділбек Ыбырайымұлы (Астана), Төкен Әлжантегі (Қарағанды), Асқар Алтай (Астана), Серік Сағынтай (Қарағанды).
Поэзия жанры бойынша:
Бас жүлде – Серік Тұрғынбекұлы (Астана).
1-орын – Сайлау Байбосын (Ақмола).
2-орын – Серік Ақсұңқарұлы (Қарағанды), Әбубәкір Қайран (Алматы), Жарас Сәрсек (Алматы).
3-орын – Қорғанбек Аманжол (Алматы), Бақытбек Бәмішұлы (Алматы), Ғалым Әріп (Маңғыстау), Ескен Елубай (Алматы), Мыңбай Рәш (Алматы), Саршаев Наурызбек (Тараз).
Драматургия жанры бойынша:
Бас жүлде – Иранбек Оразбаев (Алматы).
1-орын – Рақымжан Отарбаев (Атырау).
2-орын – Сұлтанәлі Балғабаев (Алматы), Думан Рамазан (Астана), Жолтай Әлмештегі (Астана).
3-орын – Нұрғали Ораз (Алматы), Кенжебай Ахмет (Жезқазған), Жәркен Бөдеш (Алматы), Мағира Қожахметова (Алматы).
Салтанатты жиында алғаш сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңімпаз болған қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеп, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді. Бұдан соң мінберге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев көтеріліп, бәйге жүлдегерлерін құттықтай келе, оңтүстік астана әкімдігінің қашанда әдебиет пен өнерді назардан тыс қалдырмай, өнерпаздар мен қаламгерлерге қамқорлық танытып отыратындығын жеткізді. Кезекпен сөз алған Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин әдебиетші қауымды ерекше ынталандыратын жақсы дәстүр бастап, іс-шараға мол қаржысымен демеушілік жасаған «Еуразиялык топтың» басшылығына шын көңілден ризашылығын білдірді. Оразалин мырза, сондай-ақ: «Қазақ әдебиетіне қамқорлық, тек, Үкімет тарапынан ғана жасалмай, осын­дай ірі компаниялардың қаламгерлерге бет бұруы көңіл қуантады. Бұл үрдісті басқа да ұжымдар, елін сүйетін қалталы азаматтар әрі қарай жалғастырса екен. Бүгін оза шауып, бәйге алғандардың да, тілектес болып, тақым қысқандардың да, жалпы, қазақ әдебиетінің мерейі үстем болды», – деді.
Ерекше тоқталуға тұратын жайт, Қазақстан Жазушылар ода­ғы жанындағы, көрнекті ақын Қа­дірбек Құныпияұлы басқаратын «Ан-Арыс» баспасы жүлдегер қа­ламгерлердің шығармаларын жинақ­тап, екі томдық кітап шығарып үлгеріпті. Кеш барысында тұсауы кесілген жаңа кітап жүлдегер авторлармен қатар, жиналғандарға тегін үлестіріліп, әдебиет сүйер қауым мәре-сәре болысты. Мұның үстіне қаламгерлерді құттықтай келген белгілі өнер қайраткерлерінің әсем ән мен тәтті күйлері қо­сылғанда алқалы жиын арқалы думанға айналды.
Жалпы, кәсіпкерлердің, ірі-ірі компаниялардың Қазақ әдебиетіне қамқорлық жасап, мол қаржымен ынталандыруының арқасында Қазақ хандығының тарихын айшықтайтын көркем туындылар дүниеге келді деп оқырман қауымнан сүйінші сұруға болады. Мұндай игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тауып жатса, бұл, тек, әдебиетке ғана емес, бүкіл ұлтқа жасалған қамқорлық болмақ.

Орынбек САХИДӘУЛЕТҰЛЫ,
«Заң газеті»