Баяғының батырындай алып тұлғалы ағамызды сексенге келді деуге аузың бармайды. Сұңғақ бойлы, сұлу мінезді, сырбаз жанарынан от шашып, қия құзды шолған қырандай қомданып тұр. «Қазақтың қайсар жігіті қайсы?» десе «Міне!» — деп ұялмай көрсетуге әбден лайық-ақ. Біздің айтып отырғанымыз – қазақ өнеріне, оның ішінде, кино әлемінде айшықты із қалдырған Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ.

– Әлімғазы аға, сексенге толған мерейлі жасыңыз құтты болсын! Кезінде Кенен Әзірбаев:
Тай үйреттім тепсеңге,
Келді Кенен сексенге.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де, – деген екен. Сол айтпақшы, сіздей алып тұлға да өмірге екінші рет қайталанып келмейді. Жалпы, сексен жас сізге нені ұқтырды?
– Рақмет, балам. Елден бұрын құттықтап сен келдің, әйтпесе, ақын боласың ба? Жасымнан спортпен айналысқанның пайдасы болар, сексенді шыбын шаққан құрлы көріп тұрғаным жоқ. Жетпісте қалай болдым, сол қалпымдамын, көңіл сергек, ұйқы тыныш, бейнеттің зейнетін көріп жатырмын. Үйде отыра алмаймын, шақырған жерден қалмаймын, атым барда желіп жүрмін. Мына жаман немеремді «Жастар» спорт кешеніне күрес секциясына алып барам. Аллаға мың да бір шүкір!
– Ең алғаш «Ән қанатында» фильмінде қазақтың маңдайына біткен палуан, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасовтың рөлін сомдадыңыз. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
– Қазақ «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» дейді. 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан ауданында қазақша күрестен Қажымұқан атындағы жарыс өтті. Оған 16 команда қатысты. Соған мен де бардым. Ол кезде темірді ұршықша иіріп жүрген кезім еді. Бойым тұнған қара күш, әйтпесе, арнайы күрестің соңына түсіп дайындалған емеспін. Бірақ та, той-жиындарда күреске шығып, қарсыласты шақ келтірмейтін едім. Бұл жарысқа республиканың барлық аймағынан палуандар келіп, бақтарын сынады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сол, талай дүлдүл қатысқан додада бірінші орынды қанжығама байладым. Жүлдемді көтеріп ауылға келсем, колхоз бастығы «Жылқайдар Егінбаев шақырып жатыр» дейді. Барсам «Сен не бүлдіріп қойдың?» деп дүрсе қоя берді. «Ештеңе бүлдірген жоқпын», – деп мен ақталып әлек. «Мә, оқы» деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды. Алып қарасам, телеграмма. Қажымұқан рөліне таңдауға шақырыпты. «Аға, барайын, жүз жылда бір туатын Қажымұқанды сомдау бақыт қой» деп бардым. Таңдау маған түсті, ойнап шықтым. Одан кейін, Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша, режиссер Жәрдем Бәйтеновтің «Көгілдір жол» фильмінде шабанның рөлін сомдадым.
– Сіз басты рөлде ойнаған «Тақиялы періште» де күні бүгінге дейін көгілдір экраннан түспей келе жатыр. Фильмнің сценарийі сізге арналып жазылғаны рас па?
– Иә, бұл сценарийді Шәкен Айманов пен москвалық Яков Житкин жазған. Фильмге түсемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ. «Алдыңғы киноларға түскен тиын-тебенімді алайын» деп киностудияға барсам, дәлізде Шәкен аға тұр. Мені көре салып шақырып алды. «Бала, сенің рөліңді жазып, нүктесін қойып әкелдім. «Тақиялы періште» музыкалық комедия, басты рөлді өзің ойнайсың» деді төтесінен. «Аға, мен әртіс емеспін, сіздің сеніміңізді ақтай алмасам, ұятқа қалдырамын ғой!» – деп едім, «Көп сөйлемей, шық кабинеттен! Ертең сағат 10-да осы арада бол, рөліңді аласың», – деп бір-ақ қайырды. Дәлізде отырғанымда ары өткен, бері өткендер «бірі шабан, тағы бірі бірдеңе» деп мені келемештеп, тұмсықтарын шүйіре қарады. Содан ызаға булығып, Шәкен ағаға қайта барып: «Мен киноға түспеймін, қайтамын», – дедім. Бірақ, Шәкен аға өз дегеніне көндірді. Сөйтіп жеті айдың ішінде түсірілген фильм көрерменнің көзайымына айналып шыға келді.
– Ірілі-ұсақты 14 фильмге түсіпсіз. Араға 40 жыл салып «Тақиялы періште — 2» фильміне түсіп жатыр екенсіз. Шәкен аға түсірген «Тақиялы періштеге» жетпей қалады деген қорқыныш жоқ па?
– Бұл киноны Ғұсман Шалабаев деген режиссер түсіруде. Мен басты рөлді сомдаймын. Бір кезде Әмина Өмірзақова менің анам болып, маған әйел іздеді ғой. Енді мен қартайған шағымда Аңсар деген 30-ға келген сүрбойдақ ұлыма қыз іздеймін. Оқиға желісі қызық. «Әйел ал!» деп қыңқылдай берген соң ол бір негр келінді алып келіп, беташар жасап, келіннің бетін ашқанда мен талып қаламын. «Сүйегіме таңба салдың!» деп үйлендірмей, өзім келін іздеп, ақырында ұлымды «Сұлу» деген қызға үйлендіремін. Фильм барысында Шәкен аға түсірген «Тақиялы періштенің» эпизодтары қай­таланатын сәттері бар. Жаман бола қоймас деген ойдамын. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» демеп пе еді. Жүз рет естігеннен бір рет көру ғанибет қой. Киноның бағасын көрермен беретін шығар. «Шегірткеден қорыққан, егін екпейді ғой», балам. Мен қандай сынға да дайынмын.
– Бәрі сәтті болуына тілектеспін! 80 жылдығыңызды атап өткелі жатыр екенсіз. Бұл жасқа жақсы жетістікпен келгеніңіз анық.
– Иә, аллаға шүкір! Қарапайым азамат болғаныммен, кино арқылы көпке танылдым. Бәйбішем де көп құрсақ көтерді, сол балалардан тараған 20-дай немере, 11 шөберем бар. Балаларымның танымал болуы маңызды емес. Ең бастысы, халқына, ұлтына адал болса екен деймін.

 

Айтақын БҰЛҒАҚОВ,
«Заң газеті»
Алматы облысы