Биылғы XI халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ең басты жаңалығы ақпараттық сайтының тек орыс және ағылшын тілдерінде сөйлеуі болды. Негізінен бұл ауқымды шараны ұйымдастыруға «Қазақфильм» киностудиясы мен Алматы қаласы әкімдігі де атсалысқан болатын. Оған қоса, бұл жобаның толығымен коммерциялық бағытқа ауысып кетуі де көпшілікті таңғалдырды.

Биыл фестивальді өткізу режиссер, көрерменге 1980 жылдардың аяғында «Ине» фильмі арқылы кеңінен танылған Рашид Нұғмановға тапсырылды. Ол бұл жолғы шараның форматына айтарлықтай өзгеріс енгізіпті. Нұғманов киножұлдыздарды шақырудан бас тартқан. Оның орнына кинопрокатшылар мен кинематографистерді жинап, фестивальді пікір алаңына айналдыруды мақсат еткен.

Кинофестивальдің логотипі де өзгеріске ұшыраған. Толықтай коммерциялық бағытқа ауысқан соң фильм көрсетілімдерінің бәріне Kinopark киножелісінен билет сатып алу керек. Конкурс барысында Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Грекия режиссерлерінің туындылары көрсетіледі.

Ал Алматыдағы кинофестиваль туындылары «Бүгінгі Азия», «Бүгінгі Еуропа», «Балалар Еуразиясы», «Деректі Еуразия», «Қысқа метр», «Ерекше көзқарас» бағдарламалары бойынша көрерменге ұсынылады.

zanmedia.kz